426,61 518.00 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда биыл мопед пен самокат мінгендерге қатысты 29 жол апаты болды

  • 151
  • UPD: 10:08, 18.05.2021

Алматыда соңғы жылдары мопед, самокат және велосипед тізгіндейтіндер көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құжатты қажет етпейтін көлік құралдарымен жол-көлік оқиғалары да жиілеген. Мысалы жыл басынан бері мопед пен самокат мінгендерге қатысты отызға жуық апат болып, бір адам қайтыс болды.

Көктем келісімен Алматыда мопед, самокат айдап, велосипед тебушілер көбейеді. Ұзын-сонар кептелістен шаршаған кейбір тұрғындар осы көлікке ауысады. Солардың бірі – алматылық Роза Есенқұлова. Розаның самокаты да бар. Екеуін баратын жердің қашықтығына байланысты кезек-кезек пайдаланады. «Алайда, автокөлік иелері қос дөңгелекті қатынас құралын жол қозғалысының қатысушысы ретінде қабылдамайды», - дейді.

Роза Есенқұлова, тұрғын:

- Осы жолда бәріміз бірдей болуымыз керек. Жол жүру ережесі барлығымызға бірдей болуы керек. Автокөлік, мопед, самокат айдайтындар, велосипед айдайтындар бірдей болуы керек. Және де велосипед, самокат пен мопедке инфраструктураны дамыту керек деп ойлаймын.

Тұрғындар болса, «мопед, самокат мінгендер жол ережесін сақтай бермейді» деп шағымданып жүр. «Әсіресе, жаяу жүргінші жолдарына шығып алатындары алаңдатады», - дейді.

Блиц 1:

- Адам, майда балалар ойнап жүрген жерде байқамай қағып кетуі мүмкін. Жаяу жүргіншілер жүрген жерге велосипед, мопед айдайтындарға қарсымын.

Блиц 2:

- Мопедтерің жаяу жүргінші жолымен жүріп жатады. Ол жерден кәрі де жүріп жатады, жас та жүріп жатады, коляска сүйреген әйелдер де жүріп жатады.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Алматыда шамамен 2,5 мыңға жуық мопед пен самокат бар. Олардың көпшілігі курьерлік компания қызметкерлеріне тиесілі. Жыл басынан бері қос дөңгелектілердің қатысуымен 29 жол апаты болып, бір адам қаза тапқан. «Мұның басты себебі жол ережесін сақтамаудан», - дейді полицейлер. Бұл көлік құралдары ешқандай тіркеуге алынбайды. Себебі, жылдамдығы 50 шақырымнан аспайтын, қозғалтқыш көлемі 50 текшеден төмен қатынас құралдары елімізде тіркеусіз жүре алады.

Жандос Мұратәлиев, қалалық полиция департаменті ӘПБ басшысы:

- Мопед болсын, веложүргізушілер болсын, электросамокат жүргізушілері болсын олар мына веложолақпен жүре алады. Немесе қоғамдық көлікке арналған жолдармен жүреді. Ондай қондырғылар жоқ кезде ол жолдың оң шетімен, қарама-қарсы бағытқа шықпай, сол көлік легімен бірге жүре алады.

Жуырда полиция департаментінің басшылығы әкімдік және курьерлік компания өкілдерімен арнайы жиналыс өткізді. Кеңесте жол ережесін сақтауды қамтамасыз ету жайы талқыланды. Сондай-ақ тамақ жеткізумен айналысатындардың өздерін және олардың мопед, самокаттарын тіркеуге алу туралы ұсыныс жасалды.

Авторлары: Аршын Кемелжанұлы, Нұрдәулет Жақсыбаев, Радик Жакупов

Хабар 24 телеарнасы