Түркістан облысында «Ақ сай» кооперативінің мүшелері бас көтерді

Төле би ауданы әкімдігінің алдына жиналған белсенділер төрағаның қызметіне наразы, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Басшының баянсыз тірлігі шаруамызды тұралатты», - дейді олар.

Төраға жерді бөліп, «ешкімге таратпаймыз» дейді. Ал, үлесі барлар ол шығарған қаулыны қолдап отырған жоқ. Бес жыл бұрын басталған дау бітер емес. Құрамында 57 мүшесі бар «Ақ сай» өндірістік кооперативінен 22 азамат өз жерін қайтарып алғылары келеді. Ал, қалғандары «басшы орнын босатсын» деген талап қойды.

Кемел Сатыбалдин, ауыл тұрғыны:

- Түркістан облысы бойынша кадастрдан алған қағазым бар. Кімге қанша жер үлесі тиесілі. Сол қағазбен жерін бер десек, соны жарытпайды. «Біз халыққа жер бермейміз деген жиналыс жасап, шешіп қойғанбыз» дейді. Бір 10 адам қол қойыпты. Кооператив мүшелерінің өзі айтады, «біз қол қойғанымыз жоқ» деп. Ауысқысы келмейді. Және адам құқықтарын шектейтін қаулы шығарып қойған кооператив. Ол қаулыны юстицияға тіркеп қойған.

Өткен бес жылда дамудан гөрі, тұралау басым. Бұрынғы басшы: «жетістік туралы жалған ақпарат халықты пайдадан айырып отыр»,  дейді.

Тұрар Жақыпов, ауыл тұрғыны:

- Жерін, техникасын, малын бәрін пайдаланып жатыр. Беріп жатқан долясы жоқ. Кейбір азаматтарға «көк қағазың жоқ» деп, алты жыл бастық болса, алты жыл жер телімін бермеген. Түскен астықтың бәрін сатып, жеп, жоқ қылып жатыр. Менің уақытымда 4 атар қой бар болған. Қазір бір-ақ атар қой қалды. 250 қара бас болса, 100 бас мал бар шығар. Техниканың бәрін құртты. Мына жердің бәрі темір болатын бұрын. 200 тоннадай темір бар еді, бәрін сатып жіберді.

Кооператив төрағасы жұмысымды адал атқарғанына айтады. «Ферманың ісін оң жолға қойып, үздіктер қатарына қостым», дейді.

Ермахан Орынбаев, кооператив төрағасы:

- Жұмысты адал атқарамыз. Жаңа бұл кісінің айтып жатқанының бәрі жалған. Мені осы жерде жиналыс жасап, төрағалыққа сайлап, бұл кісімен төрт жыл бойы айтысқанбыз, қысқасы. Сот шешім шығарып, жерді бөліп бер десе, бөліп береміз.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары қос тараптың таласына баға бере алмады. «Сот процесі жүріп жатқандықтан, әліптің артын бағуға тура келеді», дейді.

Құттымұрат Тұрғынбаев, Төле би аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- «Ақ сай» өндірістік кооперативі бұрын колхоздан бастап бөлінбей қалған кооперативтің біреуі. Енді қазір айтып жатқандай, бөлініп шыққандар бөлініп шығып жатыр. Бөлініп шыққан 22 адамның өздеріне тиесілі 10-15 сотық бау үлесі жерлері бермей тұр деген мәселе болып жатыр. Кешегі күнге дейін бұл кооператив мүшелері сотқа келген. Сотта бірінші отырысы өткен аптада болды. Бұл соттың шешімімен нақты шешім шығады деген ойдамыз.

Тұрғындар мен кооператив төрағасы арасындағы дауға енді сот шешімі нүкте қояды. Төраға  мен өз телімдерін алғысы келетін халықтың базынасы сонда тыңдалады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов