427,15 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үкімет жылыту маусымына дайындық барысын қарады

  • 103
  • UPD: 10:58, 18.05.2021
Үкімет жылыту маусымына дайындық барысын қарады

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылыту маусымының қорытындылары мен алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық барысы қаралды.

Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев баяндама жасады.

Жалпы, 2020-2021 жылдардың жылыту кезеңі штаттық режимде өтті. 121 технологиялық бұзушылық анықталды. Жылу желілерінің температуралық кестесін сақтамаған 44 жағдай тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8% аз. 

Алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық аясында елімізде 8 энергоблокты, 48 қазандықты, 49 турбинаны, 20458 км электр беру желісін, 441 жоғары вольтты қосалқы станцияны жөндеу, сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халық үшін көмірдің болуын қамтамасыз ету жоспарлануда.

Үкімет басшысы өңірлер әкімдіктеріне алдағы жылыту маусымына сапалы дайындалуды 1 маусымға дейін ТКШ, тұрғын үй және әлеуметтік сала объектілерін дайындау жөніндегі шаралар жоспарын бекітуді, 1 қыркүйекке дейін білім беру объектілерінің толық әзірлігін қамтамасыз етуді, 15 қазанға дейін солтүстік және шығыс өңірлердегі ауа-райын ескере отырып, барлық инженерлік инфрақұрылымның, ТКШ, тұрғын үй және денсаулық сақтау саласы объектілерінің толық әзірлігін қамтамасыз етуді тапсырды.

Премьер-министр тұтынушылардың коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық берешегін төмендету және энергия өндіруші ұйымдардың отын жеткізушілер алдындағы берешегін өтеу бойынша шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Индустрия министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, халыққа қажетті көмірді, ЖЭО мен қазандықтарға отынды алдын ала қамтамасыз ету жұмысын ұйымдастыру, сондай-ақ ел тұрғындарына көмірді сату мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

«Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі әкімдіктермен бірлесіп, көмір бағасын ерекше бақылауға алып, отынның, әсіресе, халық үшін көмір бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу шараларын қабылдауы қажет», – деді А.Мамин.

Энергетика, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне алдағы жылыту маусымына дайындық барысына пәрменді бақылау мен мониторингті қамтамасыз ету тапсырылды.

Хабар 24 телеарнасы