Б.Атамқұлов жылу беру маусымын қорытындылады

Бүгін ҚР Үкіметінің отырысында ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 2020-2021 жылғы жылу беру маусымының қорытындылары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың алдағы қысқа дайындық барысы туралы баяндады.

Жылыту маусымының қорытындысы

2020-2021 жылғы жылу беру маусымы тұрақты өтті. Көмір тапшылығы болған жоқ. Көмірмен қамтамасыз ету министрліктің тұрақты бақылауында болды және толық қамтылды. Маусым қорытындысында көмірді тұтыну көлемі 10 млн тоннаға жетті. Оның 2,8 млн тоннасы коммуналдық-тұрмыстық секторға, 7,2 млн тоннасы халыққа жұмсалды.

Жылу желілерінде үлкен апаттар болған жоқ. Дегенмен жалпы маусым барысында 121 технологиялық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде автономдық қазандықтарда – 4, жылумен жабдықтау желілерінде – 34, сумен жабдықтау желілерінде – 83. Олардың ең көбі Алматы (25) және Нұр-Сұлтан (13) қалаларында, Ақмола (13), Шығыс Қазақстан (15) және Қарағанды (19) облыстарында анықталды. Барлық бұзушылықтар нормативтік мерзімде жойылып, жылумен және сумен жабдықтау қалпына келтірілді.

Жылу беру маусымының қорытындысында коммуналдық қызметтер үшін тұтынушылардың дебиторлық берешегі артты. Қарыз 15,4 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 600 млн теңгеге ұлғайды.

Ең көп дебиторлық берешек: Шымкент қаласы тұтынушыларында – 3 млрд теңге, Нұр-Сұлтан қаласында – 2,9 млрд теңге; Алматы қаласында – 2,5 млрд теңге; Қызылорда облысында – 1,2 млрд теңге, Маңғыстау облысында – 1 млрд теңге болды.

Өңірлердің әкімдіктеріне борышкерлермен жұмысты күшейту ұсынылды.

2021-2022 жж. жылыту маусымына дайындық

Алдағы 2021-2022 жылғы жылу беру маусымына әлеуметтік саланың 65 мыңнан астам объектісін (Денсаулық сақтау объектілері – 6 мың, білім беру объектілері – 11,2 мың, тұрғын үйлер – 47,6 мың), 11 мың автономдық қазандықты және 19 мың шақырым инженерлік желіні дайындау қажет.

Алдағы жылу беру маусымына уақытылы және сапалы дайындалу үшін өңірлер:

1) 1 маусымға дейін ТКШ, тұрғын үй және әлеуметтік сала объектілерін дайындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітуі;

2) 1 шілдеге дейін 2021-2022 жылдарға арналған ай сайынғы бөлініспен коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен тұрғындар үшін көмір қажеттілігін қалыптастырып, ұсынуы;

3) 1 қыркүйекке дейін білім беру объектілерінің 100% дайындығын қамтамасыз етуі;

4) 2021 жылғы 15 қазанға дейін: инженерлік инфрақұрылым жүйесінің жылу беру маусымына дайындығын белгіленген мерзімде аяқтауы (оның ішінде СНжЕ бұзылған жағдайда орнатылған автономды жылу жүйесін шығаруды аяқтау); автономдық қазандықтарға отынның нормативтік қорын қамтамасыз етуі; тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй, денсаулық сақтау және әлеуметтік саланың барлық объектілерінің толық дайындығын қамтамасыз етуі қажет.

Жалпы, алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Көмір тапшылығы болмауы тиіс.

Жылу беру маусымына дайындық барысы туралы өңірлер ай сайын ҚР ИИДМ хабардар етіп отырады.