Қорғаушылар: Astana LRT ісін тергеуде шетелдік компания қатысуы керек

Елордада Astana LRT ісі бойынша сот отырысы бүгін де жалғасты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл іс бойынша сотқа тартылғандардың қорғаушылары тергеу кезінде тағылған айыптардың негізсіз екенін айтады. Оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтың өзара қалай әрекет еткені, кімге қанша қаржы түскені, оны қалай аударғаны түсініксіз.

«Бұдан бөлек, консорциум құрамында болған француз компаниясының бірде-бір өкілі куәгер ретінде тергеуге шақырылмағаны көңілге күдік ұялатады», – дейді адвокаттар. Бұған дейінгі сот отырысы кезінде прокурор айыпталушыларға 7-ден 11 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған еді.

Еске сала кетсек, 7 адамға құрылыс кезінде 6 миллиард теңгеге жуық қаражатты жымқырды деген айып тағылған. Жалпы ұзаққа созылған атышулы Astana LRT ісінің сот отырысы әлі де жалғасып жатыр.