Еліміздегі зағип жандарға қазақ қаламгерлерінің шығармалары қолжетімсіз

Еліміздегі зағип жандар үшін қазіргі заманғы қазақ ақын-жазушыларының шығармалары қолжетімсіз, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы жылдары отандық қаламгерлердің бір де бір еңбегі Брайль қарпімен жарық көрмеген. Себебі, арнайы баспахана жоқ. Тек бірен-саран мамандандырылған кітапханалар өз оқырмандары үшін нүктелі бедерлі әдіспен қазақ әдебиетінің классикалық шығармаларын басып шығаруда. Алайда ол, теңізге құйған тамшыдай аз.

Алмас Мырзабековтің екі көзі де көрмейді. Арнайы мектепке барған ол Брайль қарпіне бала кезден машықтанған. «Нүктелі-бедерлі әдіспен 100% білім алуға болады», - дейді ол. Себебі, бұл қаріпте барлық саланың ерекшеліктері қамтылған. Тек қажетті әдебиеттер дер кезінде қолжетімді әдіспен жарық көруі тиіс.

Алмас Мырзабеков, қала тұрғыны:

- Сұраныс жоқ емес, сұраныс бар. Cұраныс қанағаттандырылмай жатқан соң әрине, бұл мәселе шешілмей қалып жатыр. Неге сұраныс бар деп айтамын, өйткені бұрын 15-20 жыл бұрын Қазақстанда көздері көрмейтін балаларға арналған 2-ақ мектеп болатын. Ал дәл қазір Қазақстанның әр облысында көзі көрмейтін адамдарға бір мектептен болса да бар. Қазақша әдебиетке сұраныс болмау мүмкін емес.

Алматыдағы зағип және көзі нашар көретін жандарға арналған республикалық кітапхананың қорында 250 мыңға жуық кітап бар. Оның 22%-і ғана қазақ ақын-жазушыларының шығармалары. Көпшілігі Кеңес заманында жарық көрген. Кітап қорын жаңарту үшін нүктелі-бедерлі кітаптар Ресейден мемлекеттік тапсырыспен сатып алынады. Ал, отандық қаламгерлердің шығармаларына деген оқырман сұранысы әзірге там-тұмдап қана өтелуде.

Асхат Байұзақов, Зағип және көзі нашар көретін жандарға арналған республикалық кітапхананың директоры:

- Ұлы Абайдың 175 жылдығын тойлаған кезде біз жоспарлап, былтырғы жылы толығымен басып шығарамыз деп жоспарлағанбыз. Пандемия жұмысымызды қысқартып тастады да, сол биылға 4 томы ауысып кетті, жалпы қазір 3 томы қолданыста бар. «Абай жолы» бұған дейін болмаған. Қазақ тілінде де, орыс тілінде болмаған.

Мұндай кітаптарды шығаруға кез келген мамандандырылған кітапхананың мүмкіндігі жоқ. Шағын принтерлер көп тиражбен кітап басуға арналмаған. Ал, жарық көрген санаулы шығармалар кітапхана  оқырмандарына толық жете бермейді. Жаңа кітаптарды келушілер қолдан қолға тигізбей оқиды. Өткір мәселе алдағы жылдары шешімін табады деген үміт бар.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Ағымдағы жылы зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана қоры жыл сайын 2%-ке ұлғайтылатын болады. Сөйтіп, 2025 жылы зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған әдебиет тапшылығын азайту үшін елде Брайль жүйесі бойынша бедерлі-нүктелі қаріптің тұңғыш типографиясын ашу арқылы кітапхана қоры 10%-ке ұлғайтылатын болады.

«Нүктелі-бердерлі қаріппен кітап басудың өз қиындығы бар», - дейді мамандар. 300 беттік кітап, Брайль әдісімен 1300 бетке басылып шығады. Әзірге кітапхана ұжымы оқырмандарға қазақ қаламгерлерінің шығармаларын аудионұсқада ұсынуда.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон