Қарағанды облысында ТЖ саласында 10 жыл қызмет еткен иісшіл ит зейнетке шықты

Қарағанды облысының төтенше жағдай саласында 10 жыл қалтықсыз қызмет еткен Ника есімді иісшіл ит зейнетке шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол осы аралықта қаншама құтқару операцияларына қатысқан. Мәселен, Шахан қаласында қазандық жарылған кезде үйінді астында қалып қойған адамды алып шығуға көмектескен. Ал 2018 жылы Қарқаралы орманында саңырауқұлақ теруге шығып, адасып қалған әжені тауып алады. Төрт аяқты жануар тіпті, тікұшақтан секіріп, түрлі жарыстарда да топ жарыпты. Кинологтар енді адал қызметкерді қамқор жандардың қолына тапсыруды жоспарлап отыр.

Александр Адамбаев, ТЖД Кинология бөлімінің бас құтқарушысы:

- Баптауы жақсы болса, иттердің қабілеті шексіз. Әсіресе, лабрадор мен овчарка тұқымдары тәрбиеге тез көнеді. Ника өз жұмысына адал болды. Қазір жасы келгендіктен зейнетке жібердік. Енді жақсы адамдардың қолына тапсырсақ дейміз.