Түркістан облысында үш ақылы автожол учаскесі іске қосылады

Түркістан облысында жалпы ұзындығы 359 шақырым болатын үш ақылы автожол учаскесін іске қосу жоспарлануда.

Оның ішінде:

Шымкент-Ташкент – 84 шақырым

Шымкент-Қызылорда – 195 шақырым

Шымкент-Тараз – 80 шақырым

«ҚазАвтоЖол» ҰК баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта бағдарламалық-аппараттық кешені орнатылған, көлік құралдарының транзитін үздіксіз бақылауды қамтамасыз ететін бақылау аркаларын орнату жөніндегі жұмыстар толығымен аяқталды. Сәйкесінше, жүйе ашық түрде болады. Яғни шлагбаумдардың болмауы себепті, қозғалысқа ешқандай шектеу қойылмайды. Түркістан облысының аумағында барлығы 11 аралық бақылау аркасы орнатылды, оның ішінде Ташкентке – 3 бірлік, Тараз бағыты бойынша – 2 бірлік, Қызылордаға – 6 бірлік. 

Қазіргі уақытта жүйе сынақтық пайдалануға берілген. Толық іске қосу ағымдағы жылдың маусым айына жоспарланған.

Ақылы учаскелердің тарифі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде бекітілуде. Бұл ретте Нұр-Сұлтан – Щучинск, Алматы – Қорғас және т.б. ақылы учаскелердің төлем мөлшерлемесі негізге алынды.

Төлем жасаудың 20-дан астам тәсілі бар. Олар екінші деңгейдегі банктер, төлем терминалдары, сондай-ақ мобильді байланыс операторларымен СМС жіберу арқылы жүзеге асырылады. 

Сондай-ақ жеңілдіктер де қарастырылған. Мәселен, ақылы жолдарға жақын орналасқан аудан тұрғындары үшін 1 жыл мерзімге жеңіл көлік құралдары үшін 1000 теңге мөлшерінде абоненттік төлем белгіленген. Бірақ жеңілдікке қол жеткізу үшін, көлік құралы міндетті түрде аталған ауданға қарасты тіркелуі тиіс.