Павлодарда қарағай ағаштары шайырлы ісікке шалдығып жатыр

Салдарынан қылқан жапырақты өсімдіктер күннен күнге сарғайып, қурап барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы жасыл желекті зерттеумен айналысатын биолог-ғалымдар дабыл қақты. Олардың айтуларынша, қауіпті ісікке саңырауқұлақ немесе бактериялар себеп болады. Бастапқыда өсімдіктің діңінде, тамыры мен бұтақтарында кездесетін тат бірте-бірте жарықшақтар арқылы ағашқа сіңеді. Қылқан жапырақты өсімдіктердің ауруға шалдығуына температураның күрт өзгеруі, экологиялық жағдайлардың да әсері тиюі мүмкін дейді мамандар. Қауіпті вирус бірінші болып жаңадан отырғызылған қарағай көшеттерін, яғни жас ағаштарды зақымдайды екен.

Татьяна Пономарёва, биолог:

- Жұқпалы ауруға шалдыққан ағаштарды тез арада жойып, орнына терек егудің маңызы зор. Зақымданған жерлерге қарағай көшеттерін отырғызуға болмайды. Мұндай жағдайға тек терек ағашы төтеп бере алады. Экологиялық тұрғыдан алып қарайтын болсақ, теректің пайдасы өте зор. Бұл ағаш түрі өміршең келеді.