Елордалық полиция қару иелерінің құжаты мен сейфін тексеріп жатыр

Елордалық полицейлер бір күннің ішінде заңсыз сақталған 14 қару тәркіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұдан бөлек, атыс қаруын дұрыс сақтамаған және рұқсат құжаттары болмаған 9 адамға айыппұл салынды. Жалпы жыл басынан бері заңды бұзған 200 азаматқа хаттама толтырылыпты. Қару-жарақ үйдің қабырғасына мықтап бекітілген сейфтерде сақталуы тиіс. Ал Нұр-Сұлтан тұрғындарының қолында 15 мыңнан астам тегіс ұңғылы, иір ойықты мылтық сынды қарулар бар екенін айтып кету керек.

Атыс қаруымен жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында елордада «Қару» жедел алдын алу шарасы өтіп жатқанын айта кетейік. Күні кеше басталған рейд 17 маусымға дейін жалғасады. Яғни учаскелік полиция өзіне бекітілген аумақтағы қару иелерінің пәтеріне барып, қауіпсіздік талаптарының қаншалықты сақталып жатқанын тексереді. Құжаттар мерзімін көріп, дабыл құрылғысының істен шықпағанына көз жеткізеді. Ал отбасылық кикілжің болған жағдайда үй ішіндегі қару талапқа сай сақталып жатса да, біржақты тәртіппен тәркіленеді.

Данияр Орал, қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:

- Нұр-Сұлтан қаласында 15 мыңнан астам азаматта азаматтық басқа да сыйға тартылған өздерінің аңшылық басқа да қарулары бар. Сол барлық қару иесін 17 маусымға дейін түгел тексереміз. Осы кезде балық аулауға болмайды. Аңшылық мәселесі. Яғни біз барлығына түсіндіріп, профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Жыл басынан бері бізге 35 қару тапсырылған.