Түркістанда әкімдіктің бұрынғы ғимаратына қатысты шу шықты

Қалалық прокуратура жергілікті билік нысанды күрделі жөндеуден өткізіп, кейін арзан бағаға сатып жіберген дейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал әкімдік қызметкерлері ғимараттың сатылуы мен бағаның төмен болуын нысанның ескілігімен байланыстырып отыр.

Есім хан алаңында орналасқан қалалық әкімдіктің ескі ғимаратын өткен жылы электрондық сауда-саттық негізінде 74 жастағы көкшетаулық кәсіпкер сатып алған. Алайда қалалық прокуратура өкілдері ғимаратты жекешелендіру кезінде бірқатар заңсыздыққа жол берілгенін айтады. Әкімдік ғимаратты осыдан үш жыл бұрын 257 млн теңгеге жөндеуден өткізіп, кейін 313 млн теңгеге сатып жіберген дейді. 

Нарбек Мықтыбаев, қалалық прокуратурасының аға прокуроры:

– Атап айтқанда бағалау жұмыстары жүргізілмей, сатып алатын тұлға анықталмай жатып, ішкі құрылыстарын бұза бастаған. Бағалау жұмыстарын жүргізген кәсіпкер де орынсыз бағалау тәсілін қолданған. Бұл жағдайлар ғимараттың түпкілікті бағасына теріс әсер етіп, нысанның шаршы метрінің құнын 29 пайызға төмендеуіне алып келген.

Сондықтан қадағалаушы орган өкілдері қала әкімінің қаулысын бұзу туралы экономикалық сотқа талап арыз түсірген. Құжаттарды қарап, іспен танысқан сот қаулыны бұзу туралы шешім шығарған. Енді әкімдік ғимараты мемлекет меншігіне қайтаруы тиіс. Бірақ әлі сот шешімі күшіне енген жоқ. Алайда бұл шешіммен ғимаратты сатып алған көкшетаулық кәсіпкер келіспейді. Зейнеткер барлығын заң аясында сатып алдым дейді.

Құлбибі Бектасова, кәсіпкер:

- 5 кісі қатыстық. Сол адамның ішінде біз жеңімпаз болдық. Көрсеткен құнының бәрін төледік. Меншік иесі біз болып шықтық. Құжаттың бәрі қолымызда. Өзіміз түсінбейміз. Екі рет сотқа қатыстым. 4 мамырда барғанда басқаша болды. Сосын мен айттым, «мен келіспеймін, заңсыздық ешнәрсе жасаған жоқпын. Бәрі заңды түрінде. Құжат қолымда». Келгеннен кейін аппеляцияға береміз, тоқтаймыз. Болмаса республикалық сотқа барамын.

Сот шешімімен қалалық әкімдіктегілер де келіспейді. Шаһар басшысының айтуынша, ғимарат заң аясында сатылымға шығарылған. Ал бағасының арзан болуын нысанның ескілігімен байланыстырды. 

Рашид Аюпов, қала әкімі:

- Сараптаманың анықтағаны, астында бетон құрылысы болмауына байланысты жөндеуге жарамайды. Одан бөлек, экспедиция арқылы бағаланған, ол 50 млн теңгеден асатын бағамен. Бірақ сол жөндеу екеуін қосып, қаржы министрлігінің порталында сатылған. Тағы қайталап айтайын, ол біздің емес, мемлекеттің, қаржы министрлігінің порталында автоматты түрде жүреді, бағаны біз қоймаймыз. 

Оның үстіне сол кезде Түркістанда өтетін саммитке байланысты қонақүйлер жетіспегендіктен, осындай шешім қабылданған. Сондықтан әкімдіктегілер қаулыны қайта қарау туралы жоғары сотқа талап арыз түсірмек. Қазір сатылып кеткен ғимараттың есігі жабық тұр. Енді мәселенің қалай шешілері алдағы күннің еншісінде.

Жандос Жұмабек, Самат Нағашбекұлы