Павлодарлық психолог Қазан оқиғасын сараптап, әрекет ету жолдарын түсіндірді

Қазандағы қанды оқиға сабақ болса игі. Қазір білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік басты назарда.

Шынымен, төтенше жағдай немесе лаңкестік шабуыл бола қалса нені ескеру керек? Павлодардағы орта арнаулы оқу орындарының бірінде психолог мамандар студенттерге арнайы тренинг өткізіп, әрекет ету жолдарын түсіндірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бейбіт күнде мектеп ғимаратына басып кіріп, оқушыларды нысанаға алған қазандық лаңкестің әрекеті психолог Татьяна Кравцованы есеңгіретіп тастаған. Ол «қауіпсіз орта қалыптастыру үшін сақтық шараларымен қатар адамдардың психологиялық портретін жасап үйренуіміз керек» дейді. Сондықтан ол алғашқы оқу-жаттығу барысында колледж студенттеріне арнайы дәріс өткізді.

Кез келген оқыс жағдайда балалардың өзін ұстай білуі маңызды. Ең бастысы, сабырлық керек. Студенттер лаңкестің құрбанына айналмас үшін қалай әрекет ету керектігін ұстаздарымен бірлесе талқылады. Сценарий бойынша колледждің ғимаратына қарулы адам кірді. Бірінші кезекте есікті жауып, бөлменің жарығын сөндіріп, тыныштықты қамтамасыз ету керек.

Мұрат Жанахметов, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі:

- Көбінесе осындай жағдайларда мына үрей болып, қорыққаннан айқай-шуда жылап, кішкентайлар, мысалы 5-6 сыныптағылар партаның астына жасырынуы мүмкін. Не болмаса, шкафтың ішіне кіріп кетуі мүмкін. Соларды болдырмау үшін өзі арнайы топ бар, солар арнайы кабинеттерді тексеріп шығып, бәрін сыртқа шығарады.

Дабыл бойынша оқушылар шұғыл эвакуацияға дайындалады. Үлкен адамдардың көмегімен қосымша есік арқылы қауіпсіз жерге шығады. Сабақ түрінде көрсетілгенімен, жастар үшін бұл үлкен тәжірибе болмақ.

Евгений Кудинов, студент:

- Мысалы қараңыз, өрт басталса, адамдар екі-екіден тұруы керек. Уайымдамай, тыныш қана сабыр сақтап шығу керек. Алдында староста тұру керек, артында біздің мұғалімдеріміз тізіммен, журналмен шығу керек. Далаға шыққан кезде мұғалім бізді тізім бойынша қарап шығуы керек. Мысалы бөтен адам кіріп кетсе, тыныш қана дауыс шығармай отыру керек.

Психологтар баланың мінез-құлқы отбасындағы тәрбиеге байланысты қалыптасатынын айтады. Бүгінгі таңда жасөспірімдердің көбі әлеуметтік желілерге тәуелді. Сондықтан қауіпсіздікті тек білім беру мекемелері ғана емес, ата-аналардың өздері назарға алғаны абзал.

Татьяна Кравцова, психология ғылымдарының кандидаты:

- Көп жағдайда әлеуметтік желілердің ықпалы басым болады. Балалары оқитын, көретін дүниелерін ата-аналары білгені жөн. Егер отбасындағы тәрбие білімге, саяхатқа, тарихқа, көркемөнерге негізделген болса, балалар «Көк кит» сынды сайттарға кірмес еді.

Қазан оқиғасын сараптай келе, Татьяна Кравцова жасөспірімдердің қоғамдағы орнын зерттеуге кіріскен. «Мектеп, колледж, жоғары оқу орындары жастарды әлеуметтендірудің қосымша құралы», - дейді ол. Отбасындағы дау-жанжал баланың жүйке жүйесін әлсіретеді. Сондықтан жауапкершілік бірінші кезекте ата-анаға жүктелуі тиіс.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат