Ауыр өнеркәсіпте еңбек еткендер зейнетке ерте шығуға тиіс – депутат

Ауыр өнеркәсіпте еңбек еткендер зейнетке ерте шығуға тиіс. Мәжіліс депутаты сауал жолдап, осы мәселеге Үкімет мүшелерінің назарын аударды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ерлан Смайловтың айтуынша, ауыр өнеркәсіпте 1,5 миллионнан астам отандасымыз еңбек етеді. Жұмыс ауыр әрі қауіпті болғандықтан денсаулықтан айырылады. Және зейнетке кеш шығатын жұмысшылардың арасында мүгедек болып қалғандардың саны артқан екен.

Ерлан Смайлов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл мәселені шешудің 2 әдісін ұсынып отырмыз. Ең алдымен қызметкердің жұмыс өтіліне назар аударған жөн. Өндірісте 20-25 жыл бойы жүрген азаматтарға ертерек зейнетке шығуға рұқсат беру керек. Сондай-ақ зейнетке шығу жасын ғылыми тұрғыдан анықтауға болады. Мысалы, 55 жасқа толғандарға заңды демалысқа кетуге мүмкіндік жасаған абзал. Ал егер оның денсаулығы жақсы болса, жұмысшы өз қалауымен қызметін жалғастыра алады. Оларға тиесілі зейнетақы мөлшерін де көбейткен дұрыс. Өйткені бұл азаматтар ел бюджетін толтыруға зор үлес қосты.