427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ДСМ: АҚШ-тың Қазақстанда коронавирустан 80 мың адам көз жұмды деген дерегі тым жоғары

  • 207
  • UPD: 21:58, 19.05.2021

АҚШ-тың медициналық көрсетілімдер және бағалау институтының Қазақстанда коранавирустан 80 мың адам қайтыс болды деген дерегі тым жоғары.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов осылай деді. Оның айтуынша, ғалымдар мәліметтерді өңдеуде түрлі тәсілдерді қолданады. Сондай-ақ ол Америка институтының Қазақстанда коронавирустан қайтыс болғандарға қатысты Денсаулық сақтау министрлігіне ешқандай сауал жолдамағанын айтты. Бұдан бөлек, министрлік өкілдері былтыр вирустан неше адам көз жұмғанын және бұл деректердің қалай жиналғанын түсіндіріп берді.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:

- Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелері жеке медициналық ұйымдар үшін қолжетімсіз. Ұлттық статистика бюросына және Денсаулық сақтау министрлігіне қағазға жазылып жеткізілген деректер тексеріліп, талдау жасалды. Кей жағдайлар тікелей АХАТ органдарында тіркелді. Осы жағдайдың барлығын ескере отырып, өткен жылы қайтыс болғандарға қатысты статистика әзірленді. Былтыр коронавирус инфекциясынан 4729 адам көз жұмды. 

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері алдағы уақытта отандық QazVac вакцинасын экспортқа шығару жоспарда бар екенін айтты. Орталық Азия мен Еуропаның бірнеше елі қазақстандық екпені алғысы келеді. Министрдің бірінші орынбасары Марат Шоранов вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына тіркелген соң экспортқа шығарылатынын айтты.

Марат Шоранов, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:

- Нақты мемлекеттердің ішінде қасымыздағы Қырғызстан, Орта Азия мемлекеттерінен сұрақтар түсіп жатыр. Эмираттан сұрақтар келіп жатыр. Еуропадан да бірнеше мемлекеттен.

Хабар 24 телеарнасы