Елімізде «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы 1564 отбасы баспаналы болды

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында білім беру және денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін тұрғын үймен қамту ісі жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның шеңберінде баспана сатып алу құқығымен 20 жыл мерзімге жалға беріледі. Несиені алдын ала өтеу де қарастырылған. Бұл бағыт іске қосылғалы бері 1564 отбасы қоныс тойын тойлады.

Жаңа пәтер алғандардың арасында тек дәрігер немесе мұғалім ғана емес, кітапханашы және осы салада еңбек ететін өзге де мамандар бар. Ұзын-саны 1500-ден астам адам бағдарламаның аясында баспаналы болған. Ақтөбелік Айнұр Тоғызбаева – 2 бөлмелі пәтердің иесі. Жалпы аумағы 60 шаршы метрлік үйді бөліп төлеу шартымен 20 жыл мерзімге алды. Кейін өз атына аударылады. Ай сайынғы төлемі 40 мың теңге.

Айнұр Тоғызбаева, Қ.Жұбанов атындағы ақтөбе өңірлік  университетінің оқытушы:

- 9-қабатта тұрамыз. Жоғары болғанмен ыңғайлы, басында ойланып қалып едік. Көшіп келгеннен кейін де 9 этаж ыңғайлы екеніне көзім жетті. Бағдарламаның өзі жалдамалы тұрғын үй деп аталады. Келесіде несие өтегеннен кейін атыңа аударып алуға болады.

Арендалық баспана «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» арқылы берілген. «Бәйтерек» холдингіне қарасты ұйым мемлекеттік бағдарламаға қатысушы қалалар тізімін кеңейтуді қолға алды. Бұл ретте компания пәтерді жеке құрылыс салушылардан алады.

Жалға берілетін үйге Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрлігінің қызметкерлері және ведомстволық мекеме өкілдері иек артады.

Олжас Салықов, «Бәйтерек» ҰБХ» тұрғын үй құрылыс активтерін басқару департаментінің директоры:

- Алғашқы жарнаны төлеудің қажеті жоқ. Егер өтінім берушінің өзінде төлем қабілетт ілігі жетпей жатса, кепілгер тартуға болады. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтау қалаларында жалға алу құны орташа есеппен шаршы метріне 1455 теңге, ал қалған өңірлерде 1232 теңге шамасында.

Бағдарлама 2019 жылы жүзеге асырыла бастады. Алдағы 3 жылға жоспарланып, 40 млрд теңге бөлінді.

Биыл бюджеттік сала қызметкерлеріне тағы баспана беріледі. Дәрігер, мұғалім, оқытушылар қоныс тойын тойлайды.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Әнуарбек Мырзатайұлы