СҚО-дағы Якорь ауылының тұрғындары сапасыз су ішіп отыр

Солтүстік Қазақстан облысындағы Якорь ауылының тұрғындары ауыз судан тарығып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қала іргесіндегі елді мекенде тіршілік нәрі жоқ емес, бар. Бірақ сағаттап, мөлшерлеп қана беріледі.

Айта-айта жауыр болған мәселе қашан шешіледі?

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Якорь ауылы Петропавлдан небәрі 20 шақырым жерде. Бірақ күнкөрісі шалғайдағы елді мекендерден нашар. Жергілікті жұрт кейде ауыз судың өзіне зәру болады.

Жанат Абаев, ауыл тұрғыны:

- Менде үйде әзер дегенде былай кішірейіп келеді. Соның өзінде біраз напор болғанда ғана. Ал, көбісінде жоқ. 50%-тей жоқ, мүлдем жоқ. Бір апта, екі апта ешкімде де жоқ.

Елді мекенде 2 мың адам тұрады. Су орталықтандырылған. Бірақ есептеп беріледі. «Сапасы да сын көтермейді», - дейді тұрғындар.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Якорь ауылында жаңадан су мұнарасы салынған. Бірақ жерасты құбырлары тым ескі. Қатты қысымнан жиі жарылады. Сондықтан тіршілік нәрі кешкі сағат 5-тен 11-ге дейін, аз-аздап қана беріледі. Оның өзі шеткі көшелерге жетпей жатады.

Әсіресе, екі қабатты үйлердің тұрғындары су іздеп әлек. Олар тамшылап аққан тіршілік нәрін шелектерге толтырып алады.

Аманжол Құрсарин, ауыл тұрғыны:

- Екінші қабатқа мүлдем көтерілмейді су. Мұнара тұрады, иә 7-8 жыл болды. Жоқ, су жоқ.

Су – айта айта жауыр болған мәселе. Соңғы жылдары тұрғындар жеміс – жидек, көкөніс егуден қалған. Амал жоқ, малдан да құтылып жатыр.

Наталья Божко, ауыл тұрғыны:

- Бір сиыр мен 30 қойды сатып жібердік. Қалғандары тұр. Бәрі сатып жатыр. Оларды бағатын адам да жоқ. Су да жоқ.

Якорь – үлкен ауыл. Жергілікті әкімнің айтуынша, құбырлар әбден ескірген. Биыл 70-жылдары салынған су тарату желілері толық ауыстырылады.

Валерий Тихий, Якорь ауылдық округінің әкімі:

- Биыл жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Қазір ол сарапатамада жатыр. Жөндеу жұмыстарына 475 млн теңге қарастырылған.

Жөндеу жұмыстарының байқауы сараптамадан кейін жарияланады. Сондықтан оның нақты қашан басталып бітетінін ешкім де дөп басып айта алмайды.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов