Түйенің жүнін кәдеге жарату керек

Түйенің жүні мен терісі керексіз болып қалды. Қызылордалық шаруалар оны өткізетін жер таппай жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде қазір 40 мыңнан астам түйе бар. Арал мен Қазалы аудандарында шұбат саудасын дамыту ісі қолға алынды. Ал, жүн мен тері кәдеге жарамай, қоқысқа кетіп жатыр. 

Саусаң сусын, жесең азық, мінсең көлік ойсылқара тұқымы теңізден жырақ қоныстанған Қазалы мен Арал жұртын асырап отыр. 2004 жылы «Сыбаға» бағдарламасымен 10 миллион теңгеге мүйізді ірі қара алып, мал шаруашылығына бет бұрған Қонысбай Ниетәлиев былтырдан бері түйені көбейтуге көшкен. Өйткені қос өркешті үй жануары күй талғамайды, шөлге шыдамды. Мемлекеттік бағдарлама арқылы тағы 30 миллион теңгеге қол жеткізген шаруа қорасында 36 бас інген мен 2 бура байлап отыр. Қожалықта 10 адам жұмыспен қамтылған.

Қонысбай Ниетәлиев, шаруа қожалығының төрағасы:

- 10 жылда қайтаруымыз керек, 2 жыл каникул. Жалпы ауыл шаруашылығын қолдау қорынан алған қаржы бізге үлкен көмек болып тұр. Мал басын өсіру үшін оның ішінде түйе, жылқы бар. 16%-пен берді, 10%-ін субсидия жасайды Үкімет.

Ерте көктемде боталаған 15 інген күніне 3 рет сауылып, 30-40 литр сүт береді. Шаруа шұбаттың литрін 800 теңгеден аудан орталығына өткізеді. Жарты тонна тартатын түлік етінің келісін 2 мың теңгеден сатады. Енді түйенің түбітін тазалап, өңдетейін десе, жүн мен теріні қабылдайтын жер жоқ.

Қонысбай Ниетәлиев, шаруа қожалығының төрағасы:

- Жүнге де, теріге де сұраныс аз болып тұр ғой. «Тері-жүнді алып жатыр» дегенді естіп жатырмыз. Сол кісілер келсе өткіземіз, бірақ негізі белгілеп қойған алушы адам жоқ. Жүнді 700 теңге қабылдаймыз деген болжам баға бар. Түйе малының өзінің қиындығы бар. Құрттайды, биттейді, жоғалады, іздеуі бар, түрлі ауруы бар. Соның бәріне шара қолданып, ветеринарлар жұмыс жасайды.

Мәулен Қайруллаев, Арық балық ауылдық округінің әкімі:

- Жалпы ол проблемаларды шешудің бірден-бір жолы ол – кооператив. Кооператив құрып, әрі қарай мемлекеттік бағдарламалар арқылы қойдың, түйенің жүні мен терісін ірі кәсіпорындарға өткізетін операторларды құру арқылы жүзеге асырсақ деген жоспарымыз бар.

Сырбойылықтар кәсіпкерлікке жасалып жатқан қолдауды тиімді пайдаланып, ата кәсіпті алға оздырғысы келеді. Тұрғындардан өтінім көбейгендіктен, қаржыландыру көлемі 60%-ке ұлғайтылды.

Ерлан Сағидолдин, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиал директоры:

- 2021 жылы «Еңбек» бағдарламасы бойынша 700 млн теңге толық игерілді, қосымша 2,5 млрд теңге шамасында қаражат күтіп отырмыз. Ал мал шаруашылығын дамытуға қордың өз қаражаты есебінен 1 млрд 400 млн теңге қарастырылған. Бағдарламаның келесідей басты талаптары бар. Ол – қарыз алушының төлем қабілеттілігі, кепілзаттың болуы, оң несие тарихы, жұмыспен қамту орталығынан жолдама алу және «Бастау бизнес» сертификаты болуы қажет.

«Еңбек» бағдарламасы аясында егін шаруашылығы және кәсіпкерлік мақсатындағы техникаларды алуға да қаржылай қолдау қарастырылған. Көп балалы және аз қамтылған отбасылар үшін несие 4%-пен беріледі.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев