426,61 518.00 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-дағы Приморск ауылы интернет игілігін көре алмай отыр

  • 129
  • UPD: 08:29, 20.05.2021

Шығыс Қазақстан облысы Қатон-Қарағай ауданындағы Приморск ауылының тұрғындары интернет игілігін көре алмай отыр. Бұл проблеманы айтып, біраз есікті қаққан. Тіпті аудан депутаттары да араласыпты. Алайда мәселе шешімін таппады. Бәрінен де  ауылдағы мектеп оқушылары мен мұғалімдерге қиын болып тұр. 

- Ловит что-нибудь?

– Совсем чуть-чуть иногда вот с Большенарыма попадает сюда.

Виктория Кириченко интернет желісін таудан да, тастан да, тіпті жағалаудан да іздеуден жалықпайды. Өйткені биыл мектеп бітіреді. Тапсырмаларды дер кезінде орындау үшін осыдан басқа амал жоқ. Қасына екі сіңлісін ертіп алып, күні бойы ұялы байланыс ұстайтын жерді «аулайды». Енді Виктория «алдағы Ұлттық бірыңғай тестті қалай тапсырар екенмін» деп алаңдаулы. 

Виктория Кириченко  ауыл тұрғыны:

- Сабақ оқу, тапсырмаларды орындау нағыз сынаққа айналды. Кейде ұялы байланыс желісі ұстайтын жерді іздеп бір шақырым жерге баруға тура келеді. Аяқ астынан күн бұзылып кетсе де сол жерден кетпей, керекті ақпаратты жүктеп бір қайтамын. Әрине мұның барлығы сабақ үлгіріміме әсер етпей қоймас. Соған қатты алаңдап жүрмін.

Осындағы 20 бала да, мұғалімдер де ауылдық округ орталығындағы мектепке қатынайды. Бірақ мектептен келген соң оқушы да, мұғалім де байланыс аясынан тыс жерде қалады. Любовь Бургадрт бастауыш сыныпқа сабақ береді. Балаларға тапсырма беріп, олардың орындағанын тексеру үшін бұрынғы үй телефоннан олардың ұялы телефондарына хабарласуға мәжбүр. Кейде ол да істемей діңкелетеді.

Любовь Бургардт, мұғалім:

- Курьерлік қызметсіз ештеңе бітпес еді. Сондықтан кезекші мұғалімдер бекітіліп, олар өз учаскелеріндегі оқушыларға тиісті тапсырмаларды таратып шығып жүр. Өзіміз не бір семинарға, не онлайн жиналыстарға қатыса алмай бәрінен құр алақан отырмыз.

Мұнда интернет желісінің рақатын көріп отырған жалғыз жер - фельдшерлік пункт. Онда арнайы қондырғы орнатылған.

«Бірақ сырқаттарға барғанда пунктті бірге алып жүре алмаймын ғой» дейді фельдшер Галина Пушкарева.

Галина Пушкарёва, фельдшер:

- Мәселен, кішкене бала ауырып, соған шақырады. Оны қараған соң күмәнді жағдайлар туындап, орталықтағы мамандардан кеңес алғың келеді. Бірақ байланыс жоқ. Еріксіз осы пунктке келіп, хабарласып, сырқаттың үйіне қайта барамын. Ал жаз шыға жағалауда демалатындар баршылық, аяқасты ауырып қалса олар қалай дәрігер шақырады.

Интернет игілігін сұрап, әкімдік өкілдері талай құзырлы орындарға үшбу хат жолдаған екен. Алайда селт еткен ешкім болмаған. Ал әдемі табиғат аясындағы аядай ауылдың болашағы осы байланыс желісіне тәуелді дейді мұндағылар.

Ләззат Мамырханова, Новохайрузов ауылдық округінің әкімі:

- Қазіргі күні интернет желісі болмағандықтан көбіне мұнда халық келгісі жоқ, бізде табиғат та өте жақсы, су да бар, бәрі бар, бірақ интернет желісі жоқ болған соң бізде ойлаймын туризм сондай қатты дамып кете қоймайды ғой деп.

Ауылда 44 отбасы, 130 адам бар. Әуелгіде желі тарту үшін бұл сан жеткізіліксіз деген сөз шығыпты. Белгілі ұялы байланыс операторының өкілдері болса, өздеріне осы Приморск ауылынан ешқандай өтініш түспегенін айтып отыр.

Олег Дьяченко, ұялы байланыс операторының PR менеджері:

- Біз елді мекенде қанша адам болса да қолдау көрсетуге дайынбыз. Приморск шағын ауыл екенін білеміз, бірақ әкімдіктен өтініш түсуі керек. Тек содан кейін міндетті түрде ұялы байланыс желісін орнатудың барлық жолын қарастырамыз.

Приморск тұрғындары әлі де ғаламторға қосылармыз деген үмітте. Ауыл шағын болғанымен жаз бойы 500-600-ден астам саяжайшы мен демалушы келетінін ескерсек, ұялы байланысты реттеуге негіз бар дейді олар. 

Авторлар: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы