Атырауда жазғы аттракциондардың иелері маусымдық жұмысын бастай алмай отыр. Қала билігі қажетті жағдай жасап, арнайы орын бөлмеген. Кез келген жерге тұруға тағы болмайды. Олармен полиция күреседі. Ал кәсіпкерлер алған несиесін қайтара алмай, банктерге қарыз болып қалған.
Атыраулық балалар жазғы аттракциондардың қызығын жақын арада көре алмайды. Өйткені жергілікті билік әлі күнге дейін олардың кәсібі үшін жағдай қарастырмаған. Қарыз қысып, қалтасы жұқарған 30-дан астам кәсіпкер бүгін наразылық білдірді.
Нұржамал Өтеулиева, кәсіпкер:
- Банктер бой бермей жатыр. Біз жасадық бұрын. Соған сеніп кредит алдық. Келесі жаз тағы жасаймыз ғой дедік. 3 жаз жасағасын, төртінші жаз тағы жасаймыз деп ойладық. Осы тұрғандардың бәрі 2 миллионнан, 2 миллион шығар карусельдердің бағасы, велосипедтердің өзі 300 мың теңгеден. Қазір мүлдем олар жұмыссыз жатыр.
Кәсіпкерлер бірнеше жылдан бері қиындық көріп келеді. Әкімдіктің табалдырығын тоздырғанымен еш нәтиже жоқ. Ал жергілікті билік өкілдері бұл түйін алдағы апта шешіледі деп отыр.
Ерболат Омаров, қала әкімінің орынбасары:
- Заң талабына сәйкес, аймақтар бекітіліп, қазір, келесі апта конкурсқа шығарылатын болады. Қала бойынша белгіленген жерлер бар. Белгіленген жерлер бойынша кәсіпкерлердің алдында айтқан талаптары сұраныстары ескерілген.
Конкурс келесі апта жоспарланғанымен кәсіп иелерінің жұмысты қашан бастайтыны әлі белгісіз.
Аттракциондар ашылғаннан кейін қауіпсіздікті қамтамасыз ету маңызды. Салғырттықтың кесірінен жазатайым оқиғалар жиі болады. Жұмыс істеуге рұқсат берілсе, атыраулық кәсіпкерлер қауіпсіздікті қадағаламақ.
Аслан Үмбет, кәсіпкер:
- Қауіпсіздік ережелерін нақты түрде сақтаймыз. Бұл айналада бірінші жыл жүрген жоқпыз, төрт-бес жылдан астам жүрміз. Ограждение қоршалады, карусель қоспастан бұрын қаралады. Тексеріледі. Қарап тұрамыз. Ремень безопасности бәрінде болады. Тек бізге жер бермей тұр. Жер беріп, «тұрыңдар» десе дұрыстап қараймыз.
Кәсіпкерлердің күтуден басқа амалы жоқ. Қазір олар қарайған қарызын қалай өтерін білмей жүр.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин