Асқақтаған Алатаудың баурайы қоқыс алаңына айналды

Алатаудың бөктері қоқыс алаңына айналды. Алматы облысындағы Қырғауылды ауылы мен тау етегіндегі саяжайлар арасындағы жолдың жиегінде қоқыс үйіліп жатыр. Жұрт тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын әр жерге тастап кетеді екен. Саяжай тұрғындары мұндай бассыздық пен жағымсыз иістен мезі болған.

Тұрғындар телефонға түсірген видеода жол жиегінің күл-қоқыс алаңына айналып кеткені айқын көрінеді. Шашылып-төгіліп жатқан қоқысты жергілікті әкімдік кеше тазалатыпты. Алайда оны жинағанымен мәселе толық шешімін таппайды екен. Өйткені тұрмыстық қалдықты осы жерге төгу бірнеше жылдан бергі әдетке айналған.

Лилия Скворцова, саяжай тұрғыны:

- Біз бірнеше рет көлікпен кетіп бара жатып қоқыс тастағандарды көріп қуып жібергенбіз. Бірнеше жылдан бері тұрғындар осы жерді қоқыс алаңына айналдырып алды. Онда сол жерге қоқыс жәшіктерін қойып қою керек шығар. Жинау да оңай болады.

Андрей Смирнов, саяжай тұрғыны:

- Табиғатқа жаны ашымайтын тұрғындармен күресу үшін өзге елдердің тәжірибесін пайдалану керек. Мысалы, Ресейде қоқыс тастайтындарды тоқтату үшін камера қойып, құқық бұзғандарға айыппұл салынады. Мәселе осылай шешілді. 

Көклайсай, Бағбан және Эдельвейс саяжайларына баратын тау жолына бейнекамера қою туралы ұсыныс жасалған. Бірақ Райымбек ауылдық округі әкімдігі бұған қауқарсыз екенін айтты. Өйткені Іле-Алатау Ұлттық паркінде орналасқан жол облыстық маңызға ие. Сондықтан ауыл әкімдігі облыстық мекемелерге ұсыныс жасаумен ғана шектеліп келеді.

Айдын Баекеев, Райымбек ауылдық округі әкімінің орынбасары:

- Қоқыс жәшігін қою үшін саяжай болғаннан кейін бұл жерде жекеменшік фирмалар қызмет көрсетеді. Сонымен сол қаражатын бөлу керек. Төрағалармен сөйлессек «біз саяжайда тұратындардан қаражат жинай алмаймыз» дейді. Ақшасын төрағалар жинап берсе қоқыспен айналысатын мекемелер қоятын еді.

«Көрікті тау бөктерлері ертең-ақ қайтадан, ұсқынсыз күйге енбесіне кепілдік жоқ» дейді саяжай тұрғындары. Сондықтан олар өзге азаматтардан табиғатқа жанашырлық танытуды сұрап отыр.

«Бұл мәселе облыстық деңгейде шешімін тапқанға дейін жол бойына жиналған қалдықтарды шығарып тұру ғана қолдан келеді», - дейді ауыл әкімінің орынбасары. 

Авторлар: Аршын Кемелжанұлы, Әбен Нарынбаев