Төрт ай ішінде кәсіпорындарда 59 қызметкер көз жұмған

ҚР ЕХӘҚМ Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары – ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов Қазақстан кәсіпорындарындағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

Ол Халықаралық еңбек ұйымының деректері бойынша жыл сайын әлемде 270 млн-ға жуық жазатайым оқиға және салдарынан 2 млн-нан астам адам қайтыс болатын 160 млн-ға жуық кәсіптік ауру тіркелетінін хабарлады.

«Бұл үлкен шығын, әсіресе, дамыған технологиялар мен тиімді өндіріс ғасырында. Жазатайым оқиғалар мен кәсіптік аурулар жыл сайын әлемдік экономикадағы ЖІӨ-нің 4%-ін жоғалтуға әкеп соғады», – деп атап өтті Оспанқұлов.

Ол сондай-ақ Статистика жөніндегі уәкілетті органның деректері бойынша, 2020 жылы Қазақстан кәсіпорындарында зерттелген 1,6 млн жұмыскердің 367 мыңы немесе әрбір төртінші (22%) зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істегенін атап өтті.

Өңірлер бойынша зиянды және қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің көп саны келесі өңірлерде байқалады: Қарағанды облысы – 74 731 адам, Павлодар облысы – 46 039, Шығыс Қазақстан облысы – 37 020, сондай-ақ Маңғыстау облысы – 31 919.

Шу мен дірілдің жоғары деңгейі жағдайында әрбір екінші (46,3%), жұмыс аймағының жоғары газдануы мен шаңдануы әсері жағдайында әрбір үшінші жұмыскер (32,6%) жұмыс істеді. Ауыр дене еңбегімен 94 мың адам (тексерілген кәсіпорындар қызметкерлері санының 5,7%-і) айналысқан.

ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторының айтуынша, өткен жылы 672 мың қазақстандық зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін 141 млрд теңге сомасына түрлі өтемақылар алды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 12% артық.  

«2020 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары 4 439 тексеру жүргізді, солардың барысында 7 260 бұзушылық анықталды, оның ішінде еңбек қатынастары саласында – 5 001, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 2 096, халықты жұмыспен қамту бойынша – 163. Еңбекті қорғауға байланысты заңнаманың негізгі бұзушылықтары жұмыскерлерді қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз етпеуден (433 немесе 20,6%), қауіпсіз еңбек тәсілдеріне үйретпеуден (255 немесе 12,1%), жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен, арнайы киіммен және арнайы аяқкиіммен қамтамасыз етпеуден (129 немесе 6,1%), еңбекті қорғау жөніндегі қызметтің немесе жауапты адамның болмауынан (31 немесе 1,5%) көрінді. Жұмыс берушілерге 2 614 ұйғарым беріліп, 182,2 млн теңге сомасына 1 090 айыппұл салынды», – деп хабарлады Төлеген Оспанқұлов.

Жыл сайын Қазақстан кәсіпорындарында 1300-ден астам қызметкер жарақат алады, оның ішінде 200-ге жуығы қаза табады. Биылғы 4 айының өзінде еліміздің кәсіпорындарында 462 адам зардап шеккен, оның 59-ы қайтыс болған.

Экономика салалары бойынша 2020 жылы зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен-металлургия кешенінің кәсіпорындарында байқалады – 304 адам (20,2 %), ал құрылыс саласында – 175 адам (11,6%).

Өңірлер бөлінісінде жарақаттанудың жоғары деңгейі Қарағанды (260 адам зардап шекті), Шығыс Қазақстан (209 адам), Қостанай (140 адам), Павлодар (112 адам) облыстарында және Алматы қаласында (110 адам) сақталуда.

«Қазіргі проблемаларды шешу мақсатында Қазақстанда 2019-2023 жылдарға арналған өндірістік жарақаттану мен еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі жол картасы іске асырылуда. Ол жұмыс орындарында кәсіптік тәуекелдерді, өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайтуға, тиісті мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған еңбек қауіпсіздігі саласындағы жұмыс берушілерге қойылатын талаптарды оңтайландыру бойынша шаралар кешенін көздейді», – деді ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы.

Жол картасының бірінші бағыты бойынша 2020 жылы заңнамаға жұмыс берушілерге, қызметкерлерге және еңбек жөніндегі уәкілетті органға еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу және оның жұмыс істеуі бойынша талаптарды көздейтін түзетулер енгізілді. Сондай-ақ кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер құру мерзімдері заңнамалық түрде бекітілген, олардың міндеттеріне кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталуына ішкі бақылауды қамтамасыз ету кіреді. Сондай-ақ құрылыс алаңында еңбекті қорғау талаптарының сақталуын жалпы үйлестіруді жұмыстарды ұйымдастырушы (бас мердігер) жүзеге асыратын норма көзделген.

Екінші бағыт бойынша 2020 жылы қауіпті өндірістік объектілерде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуді регламенттейтін 8 нормативтік құқықтық актіге (бұдан әрі – НҚА), сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі 6 НҚА-ға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Сонымен қатар кәсіптік тәуекелдерді басқару мәселелерін реттейтін 4 жаңа НҚА әзірленіп, бекітілді. Өндірістік орта факторларының зияндылығы мен қауіптілігі, еңбек процесінің ауырлығы мен қауырттылығы көрсеткіштері бойынша еңбек жағдайларын бағалау мен жіктеудің гигиеналық критерийлері өзектендірілді.

«Үшінші бағыт бойынша еліміздің кәсіпорындарында «Халықтық бақылау» жобасын енгізу жұмыстары жалғасуда. Өндірістік жарақаттанудың алдын алу бойынша бірлескен іс-қимылдарды ұйымдастыру үшін кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі 15 мыңнан астам өндірістік кеңес құрылды, онда 17 мыңнан астам техникалық инспектор еңбек жағдайларына ішкі бақылау жүргізеді. Еліміздің 2796 кәсіпорнында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша стандарттар енгізілді (OHSAS 18001, ХЕҰ-ЕҚБЖ)», – деп қосты Төлеген Оспанқұлов.

ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы сондай-ақ жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларының нақты күйін жалпы бағалау және аттестаттау нәтижелері бойынша еңбекті қорғау жөніндегі шаралар кешенін қолдану мақсатында 2020 жылы 3397 өндірістік объект аттестатталғанын хабарлады. Анықталған бұзушылықтарды жойғанға дейін мемлекеттік еңбек инспекторлары 207 лауазымды адамды атқарып отырған лауазымдарынан босатты, мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбекті қорғау талаптарын бұзу фактілері бойынша құқық қорғау органдарына 1234 материал жіберді, олар бойынша 173 қылмыстық іс қозғалды.

Төртінші бағыт бойынша 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасы әзірленуде, ол еңбекті қорғауды басқарудың тәуекелге бағдарланған ұлттық жүйесін құруға әлеуметтік әріптестік тараптарының белсенді қатысуын қамтамасыз ететін жүйелі шараларды айқындайтын болады. Норма шығару қызметі шеңберіндегі тиісті жұмыстарды 2021 жылы аяқтау жоспарланып отыр. 

«Жол картасының бесінші бағытын іске асыру аясында ағымдағы жылдың 12 наурызында ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссия отырысында республикалық кәсіподақтар бірлестіктерінің белсенді қатысуымен 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісім жасалды. Құжаттың негізгі мақсаты лайықты еңбек қағидаттарын ілгерілету болып табылады, ол толық жұмыспен қамтылған кезде жақсы өндірістік, әлеуметтік-еңбек және қауіпсіз жағдайлардағы, төлемі лайықты және әрбір жұмыскерге қанағаттанушылық, өзінің қабілеті мен шеберлігін көрсету мүмкіндігін беретін жоғары тиімді еңбекті білдіреді», – деп хабарлады Оспанқұлов.

Бұдан басқа, 2019 жылғы 17 маусымда Женева қаласында Еңбекмині Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығымен «Нөлдік жарақаттану – Vision Zero» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бүгінгі таңда еліміздің 216 кәсіпорны осы тұжырымдаманы қолдады.

«Жалпы, қабылданған шаралар өндірістік жарақаттану деңгейін төмендетуге мүмкіндік берді. Мәселен, соңғы 5 жылда (2016-2020 жж.) өндірісте зардап шеккендер саны 10,7% (1683 адамнан 1503 адамға дейін), оның ішінде қаза болғандар саны 16,2% (248 адамнан 208 адамға дейін) азайды. Жоғарыда аталған барлық іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай: жазатайым оқиғалардың жиілік коэффициентін 1000 жұмысшыға шаққанда 0,20-ға дейін төмендету (2020 ж. – 0,23); зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің үлес салмағын 20% дейін қысқарту (2019 ж. – 22,3%) күтілуде», – деп түйіндеді ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы.