Қызылорда өңірінде 40 гектарға жуық орманды алқап өртеніп кеткен

Одан бөлек, елді мекендерге жақын маңдағы егістіктерде отқа оранған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған ең алдымен адамдардың салғырттығы себеп болып отыр. Сондай-ақ табиғат аясына сейіл құрып, тынығуға шыққандар да көбінесе қауіпсіздік шараларын сақтамайды. Салдарынан адам өмірі мен мүлкіне, ерекше қорғаудағы өсімдіктерге үлкен қауіп төнеді. Құтқарушылардың айтуынша, шалғай аумақтарда тұтанған өртті сөндіру кезінде су көздерін табу қиындық туғызады екен. Сырдария мен өзге арналардағы су деңгейі таяз болуына байланысты тікұшақпен тасымалдау мүмкін емес. Сондықтан тек мотопомпаның күшімен су бүркеміз дейді өрт сөндірушілер. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қоршаған орта мен жануарлар дүниесін қорғау мақсатында 8 өрт-тактикалық жаттығу өткізіп, жылдам су жеткізу тәсілдерін жетілдіріп жатыр.  

Нұрсұлтан Ибрагимов, «Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі» ММ басшысы:

– Тораңғыл, сексеуіл сынды қызыл кітапқа енген өсімдіктерді қорғау мақсатында жедел-жәрдем, ішкі істер министрлігі, ұлттық әскери бөлімдерді, көптеген арнайы қызметтерді жұмылдыра отырып, оқу-жаттығуларды өткіздік. Облыс тұрғындарына және қонақтарды қауіпсіздікті қатаң сақтап, өрттің алдын алу шараларына шақырамын.