Ардагерлер: Жәрдемақымыз − 18 мың теңге

Ауған соғысы ардагерлері мен Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқандар жәрдемақыларын көбейтуді сұрап, коммуналдық төлемдерге 50 процент жеңілдік жасалса дейді.

Олар Алматыда өткен баспасөз мәслихатында үкіметке базыналарын айтты. Көбінде баспана жоқ. Жылдар бойы үй кезегінде тұрғандар осы мәселені көтерді. Чернобыль апатының зардабын жоюға 32 мың қазақстандық барған. Қазір олардың қатары сиреп, 3 мыңнан астам адам қалыпты. Атом электр станциясындағы апат зардабын жоюға қатысқандар 4 жылда бір рет шипажайға жолдама алады. Енді осы емді жыл сайын тағайындап, жәрдемақыны 83 мың теңгеге жеткізуді сұрайды. Олар бұл өтініштерін Президент пен Үкіметке жолдамақшы.

Әли Дауылбек, «Абырой» ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы:

− Біздің санаттағы адамдар саны басқа санаттағы адамдармен салыстырғанда ешқашан өспейді. Тек азайып қалады, білесіз ғой. Мезгілсіз кетіп жатыр біздің жігіттер. Сосын біздің жәрдемақымыз − 18 мың теңге. Оны 83 мың теңгеге дейін көтеру керек. Бес хат дайындадық, ол хаттарға мыңға жуық ардагер қол қойды. Мемлекет бізге көмектеседі деп сенеміз.