Өкпе ауруларын емдеудің жаңа тәсілі енгізілмек

Қарағанды облысында өкпе ауруларының асқынған түрін хирургиялық жолмен емдеудің жаңа тәсілі енгізілмек.

Яғни, қабынған өкпе клапандарына силикон имплант қолданылады. Ол 70 процентке дейін тиімділігін көрсетіп, пациенттің сал болып қалуына жол бермейді. Операцияның бұл түрі Қарағандыда алғаш рет өткізіліп отыр. Хирургтер алдағы уақытта осы әдіс арқылы туберкулездің асқынған түріне операция жасауға ниетті. Себебі жыл сайын Қарағанды облысында кемі 150 адамның өкпесіне операция жасалады. Бүгінгі күні өкпенің қабынған түрімен ауыратын 30-ға жуық адам кезекте тұр. 

Құлахмет Ерімбетов, Ұлттық физиопульмонология ғылыми орталығының бөлімі меңгерушісі:

− Операцияның бұл түрі әлдеқайда тиімді. Бұрын техникамен жасаған операция кезінде қабырғалардың арасын сөгіп, адамның иық тұсына едәуір зақым келтіретінбіз. Себебі емдеудің басқа жолдары болған жоқ. Операциядан кейін ол адам міндетті түрде мүмкіндігі шектеулі адамдардың санатына қосылатын еді. Ал біз жасап жатқан жаңа әдісте мұндай қауіптің біреуі де болмайды. Өкпесі толық сауығып, еш алаңсыз еңбек ете беруіне болады.