Туристер Бозжыраны да бүлдіре бастады

Бозжырадан күй кетіп барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы аймақтағы өсімдік пен жан-жануарды қорғайтын инспекторлар саяхатшылардан қалған қоқысты жинап әлек.

Ал «Жабайұшқан» аумағын 1 мыңға жуық арқар, қарақұйрық пен басқа да жабайы аңдар мекен етеді. Оларды қорғайтын қорықшы да жетіспейді. 

Талғат Исламұлы, тілші:

– Бозжыра тауына мейлінше жақындау үшін дәл осы сүрлеумен жүріп бару қажет. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен саяхатшылар келіп, фото және бейнетүсірілім жасады.

Бозжыра шатқалы Ақтаудан 300 шақырым қашықта тұр. Алдымен Жаңаөзенге, сосын Қызылсай ауылының іргесімен жүресіз. Одан әрі 20 шақырымдай жолсыз жер басталады. Мүмкіндігінше асты биік автокөлікке мінгеніңіз жөн. Жалға алуға да болады. Бір күнге бару ақысы 80 мың теңгеден басталады.

Жанқанат Ырзықбай, турист:

– Қарағанды облысынан келдім. Бәрі тамаша. Бір ғана кемшілік – демалатын жерлерде, тамақ ішкенде қоқыс тастайтын жерлері болса. Қонақүйлер салынып жатса, келуге болады.

Соңғы екі айда Бозжыраға 2000-ға жуық турист келген. Шатқалға 10 дала сүрлеуі арқылы жетуге болады. Қызылсайдан кейін асфальт аяқталады. Осы жерде инспекторлар әр көлікті тоқтатып, қару жоқтығын тексереді. Табиғат аясына қоқыс тастап, бүлдірмеуді ескертеді. Алайда бұған құлақ асып жатқан адам аз.

Талғат Исламұлы, тілші:

– Таудың етегінде демалушылар артына қоқысын тастап кетеді. Темекі қораптары, бос бөтелкелер мен тағам қалдықтары далада шашылып жатыр. Біз 5-10 минутта бір дорбаны толтырдық.

«Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мекемесінде 10-ға тарта инспектор бар. «Жабайұшқан» қаумалын 2 инспектор бір аптадан кезекпен бақылайды. Алатын жалақысы – 100 мың теңгедей.

Наурыз Әнесов, «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» КММ қызметкері:

– Барынша ескертіп жатырмыз. Нұсқаулық береміз. Бұл жерде от жағуға болмайтындығын, қоқыс тастауға болмайтындығын ескертудеміз. Бірақ туристердің барлығына бірдей бақылау қоя алмай отырмыз. Тіркелмей, біздің ырқымызға көнбей келіп те жатқан туристердің қатары өте көп. Соның дәлелі – осы қоқыстар. Жүк көлігі бар. Сонымен аптасына 2 рет жинап кетеміз.

Инспекторлардың Бозжыраның үстінен және астынан баратын екі сүрлеуді бақылауға шамасы жетеді. Басқа бағыттағы жолдарды қадағалау үшін жол талғамайтын жүрдек көлік те, қызметкер де тапшы. Мәселені шешудің бір жолы – шатқалға жақын жерден туристерді қабылдау орталығын салып, жолды асфальттау дейді мамандар.

Орынбасар Тоғжанов, экологиялық білімді үйлестіру бойынша аймақтық кеңес төрағасы:

– Өткенде келгенде екі азу тіс тұрған жердің баурайына көліктің өрмелеп салған ізі жатты. «Жабайы туризм» дегеніміз осы. Туристерді қабылдау үшін алдымен жоғарыдан жол салынуы керек. Бекет ата жолынан осы панорамаға дейін – небәрі 10 километр. Ол жоба жасалып жатыр. Жосалыға қарай түсетін 18 километр жол бар тағы. Міне, осыны асфальттау керек. Туристер орталығына келіп, көлігін тастап, мына алқапқа тек қана велосипедпен, атпен, тіпті көремін десе әуе шарымен көтерілуге болады.

«Жабайұшқан» табиғи қаумалына наурыздан бері әр адам 291 теңге төлеп кіріп жүр. Ақша Қарақия аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының есепшотына түседі. Инспекторлар жиналған қаржыны шатқалға кіретін дала жолдарына шлагбаум қойып, қоқыс жәшіктері мен биоәжетханалар орнатуға жұмсалатынын айтады.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев