Ауыл әкімдерін сайлау: кімдер қатыса алады

Сенат заң жобасын бекітті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауыл әкімдерін енді бұқара сайлайды.

Бұл науқанның жөні бөлек, жосығы ерек болғалы тұр. Бұрын-соңды мұндайды өткізіп көрмеген едік. Содан шығар, көкейде күдік те бар, үміт те басым. Сенат көп созбақтамады. Әлгі заңды қабылдады да жіберді. Енді Президент қол қойса, ауыл әкімдерін халық сайлайды.   

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

– Бұл еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды оқиға. Мемлекет басшысының осы бастамасы еліміздің саяси жүйесін одан әрі дамытуға және саяси бәсекелестікті күшейтуге айтарлықтай үлес қосатыны сөзсіз.

Ауыл әкімдерін сайлау биыл тамыз айында басталады. Сөйтіп желтоқсанға дейін жалғасады. Президент солай деген. Осы аралықта бұқара 836 ауыл әкіміне дауыс береді. Қара үзгені қайыс креслоға жайғасады. Мұндай бақ кімге бұйырады дейсіз ғой?! Айтайын. Сайлауға түсетін кандидат 25 жастан асқан, бұрын сотталмаған, Қазақстан Республикасының азаматы болуға тиіс. Жоғарғы білімі болуы шарт. 

Думан Базарбеков, заңгер:

– Президенттің бұл бастамасы билік пен бұқараның арасын бір табан жақындастырады. Өңірдің тыныс-тіршілігін жақсы білетін адам билікке келсе, ауыл халқы оны қолдап отырса, елді мекендердің еңсесін тіктеп тастауға болады деп ойлаймын. Бұл еліміздің саяси өміріне серпіліс алып келетін қадам болмақ.     

Талапқа саймын дегендері тап қазір алақанын ысқылап отырған шығар. Солар білсін. Өзін-өзі ұсынған азамат кемі 2 жыл мемлекеттік қызметте яки 2 жыл жеке кәсіпорында жетекшілік жұмыс істеуге тиіс. Ал ешбір жерде ресми жұмыс істемеген азаматтар ауыл жайын жақсы білсе де сайлауға қатыса алмайды. Ауылдастың атын оздырмай, ағайынның тайын оздырып жіберетіндер табылады әйтпесе.  

Сұлтанбек Мәкежанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Бұл заңдағы аса көңіл бөлетін жаңашылдық – ол әкімдікке үміткер азаматтың өзін-өзі ұсынуы. Бұл жағдайда әлгі азамат сайлаушылардың 1 пайыз қолын жинау керек. Және бұл норманың өзі сайлау процесін демократиялығының және бәсеклестікті қамтамасыз ететін өте маңызды шарттардың бірі деп есептейміз.

Ауыл әкімдерін сайлауға жергілікті бюджеттен ақша бөлінеді. Әзірге оның нақты сомасы айтылмады. Шамасы орталық сайлау комиссиясы шығындарды әлі есептемесе керек. Бір анығы, билік те, бұқара да бұл қадамның оң болғанын тілеп отыр. Әйтпесе, ауыл әкімдерін осыған дейін де сайлап көрген едік. Айталық, 1999 жылы Шамалғанға бір әкімді қолқалап жүріп қалың бұқара қонжитып қойған еді. Қазіргілер сол басшының атын да білмейді. Тап осындай экспермент 28 елді мекенде жасалған. Бірақ соның бәрі ойдағыдай болмады. Үлде мен бүлдеге оранған халықты да, түлеп сала берген ауылды да сол күйі көре алмадық. Содан сабақ алсақ игі еді.

Думан Базарбеков, заңгер:

– Ауыл әкімдерін сайлау механизмін қалыптастырып алсақ, тап сондай әдіспен аудан, облыс басшыларын да сайлай беруге болады. Сондықтан ауыл әкімдерін сайлауға некметті қарауға болмайды. Мұны саяси науқанды әділ әрі ашық өткізудің іргетасы ретінде қабылдауымыз керек.  

Ауыл әкімдерінің өкілеттік мерзімі өзгерген жоқ. Олар бұрынғысынша 4 жылға сайланады. Ескерте кетейін, бұрын ауыл, елді мекен немесе аудан әкімдеріне кандидатты қала басшысы ұсынатын. Сөйтіп, жергілікті мәслихат депуттары дауыс беріп сайлайтын.

Дастан Сейілханұлы