Аудан мен ауыл әкімдерін сайлау процесі қалай өтеді

Сонымен аудан мен ауыл әкімдерін сайлау үдерісі қанша кезеңнен тұрады? Қай кезде әкімнің өкілеттік мерзімі тоқтайды? Сайлауға өзін-өзі ұсынған үміткер қай уақыт аралығында қолдаушылар қолын жинауға тиіс? Ал үгіт-насихат науқанына неше күн беріледі?

Мирлан Алтынбек, тілші:

– Орталық Азия елдері ішінде Қазақстан Республикасы аудан мен ауыл әкімдерін сайлау құқын халықтың өзіне тапсырған алғашқы мемлекет болғалы тұр. Сонымен қатар сайлау бюлеттеньдерінде «Бәріне қарсымын» деген нұсқа да енгізіледі. Бірақ көрші Ресейде бұл бұрыннан бар. Сондай-ақ мұндай тәжірибе Австралия, Үндістан, Испания және тағы да бірқатар Еуропа елінде қолданылып келеді.

Сонымен кандидаттарды саяси партиялар немесе үміткердің өзі өзін ұсына алады. Жаңа әкім 4 жылға сайланады. Сайлау бұрынғы әкімнің қызметтік өтілі аяқталғанға дейін 40 күн қалған кезде жарияланады. Ал шығындар жергілікті бюджет есебінен өтеледі.

Мәселен, белгілі бір ауыл әкімінің қазіргі өкілеттік мерзімі шартты түрде 1 тамызда аяқталатын болса, сайлаудың өтетіндігі туралы ақпарат 21 маусымда жарияланады. Кандидаттың өзін ұсынуына 14 күн, ал аудан әкімі ұсынған жағдайда 5 күн жұмсалады. Тұрғындардың қолын жинауға және жиналған қолдарды тексеруге 3 күннен беріледі. Үміткер сайлауға 10 күн қалғанға дейін тіркеліп болуға тиіс. Тіркеуден кейін 5 күн ішінде декаларациясы тексеріледі. Үгіт-насихат науқанына 8 күн қарастырылған. Сайлау 20 шілдеде өтеді. 3 күннен соң қорытындысы жарияланады. Сайланған әкімді 30-шілдеге дейін тіркейді.

Ал әкімнің өкілеттігі қай кезде тоқтайды? Сот шешімімен басқаруға қабілеті жоқ болып танылғанда. Саяси партия мүшелігінен өз еркімен кеткен жағдайда. Жоғары лауазымды әкімнің немесе мәслихат депутаттары тарапынан сенімсіздік вотумы берілген кезде. Және әлбетте қайтыс болғанда әкім өкілеттігі күшін жояды.

Мирлан Алтынбек, Арман Ақшабаев