Ертеңнен бастап Алматы халықаралық әуежайында Ashyq қосымшасы жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ендігі жерде әуежайға көк немесе жасыл түсті мәртебесі бар адамдар ғана кіре алады. Егер ұялы телефоныңызда «Ashyq» мобильді қосымшасы болмаса, жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы өтуге болады. «Ashyq» жүйесі Алматы әуежайында 16 мамырдан бері тест түрінде жұмыс істеп келді. Осы уақыт аралығында 40-қа жуық адамнан қауіпті індеттің белгілері байқалған.
Елімізде «Ashyq» қосымшасының ауқымы кеңейіп келеді. Алғашқы уақыттары тек кәсіпкерлік нысандарда ғана болса, қазір бұл жүйеге барлық қоғамдық орындар көше бастады. Ертеңнен бастап Алматы халықаралық әуежайы да «Ashyq» қосымшасы арқылы жұмыс істейді.
Жандос Айтбайұлы, тілші:
– Алматы халықаралық әуежайының барлық есіктеріне QR-кодттар орнатылған. Яғни сіздер ұялы телефоныңызға «Ashyq» қосымшасын жүктеп алу керексіз. Егер «Ashyq» қосымшасы болмаса онда төлқұжатыңыз міндетті түрде қалтаңызда болу керек. Қазір бізде «Ashyq» қосымшасы орнатылған. Сондықтан көрейік. Қазір бізде көк түс шықты. Одан кейін осы әуежай қызметкерлері тексерістен өткізеді. Расталды. Бізге енді жұмыс істей беруге болады.
«Ashyq» қосымшасының 4 түрлі мәртебесі бар. Жасыл, көк, сары және қызыл. Егер толықтай түсіндіре, кетсек жасыл мәртебесі бар адамдар кез келген жерде еркін жүре алады. Ал көк түсті болса, ПТР тесті қажет етпейтін барлық орындарға кіруге болады. Сары түс қоғамдық орындарға баруға тыйым салса, қызыл түспен ешқайда жол жоқ. Алматы әуежайында«Ashyq» жүйесі 16 мамырдан бері тест түрінде жұмыс істеп келген. Осы уақыт аралығында 24 адамнан қызыл түс анықталса, 15 адам сары түспен әуежайға кіре алмаған.
Наталья Соколова, Алматы халықаралық әуежайының баспасөз хатшысы:
– Қолында смартфоны жоқ адамдарға еш алаңдаудың реті жоқ. Олардың өздерімен бірге төлқұжаттары болса болды. Немесе жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) арқылы кіре алады. 18 жасқа дейінгі балалардан «Ashyq» қосымшасы талап етілмейді.
Әуежайға келушілерді де әңгімеге тартып көрдік. Көпшілігі «Ashyq» жүйесін қолдайтындарын айтады.
Марлан Мұжықов, қала тұрғыны:
– Жалпы енді жақсы ғой. Қолданғанға ыңғайлы. Халықтың тазалығы үшін ғой бәрі. Негізі керек. Әр адам өзі үшін сақтықта болады.
Бұған дейін елордадағы Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайы «Ashyq» жүйесіне көшкен болатын. Алматы әуежайы да ертең «Ashyq-пен» жұмысты бастайды. Жолаушылардың кезекте көп күтіп қалмауы үшін қосымша есіктерді ашып, дәліздерді жасап қойдық дейді әуежай өкілдері.
Жандос Айтбайұлы, Эдуард Кон