Өскемендегі 23-ықшамаудан тұрғындары үшін қоғамдық көлік арманға айналған

Бұл мәселені жұрт талайдан бері көтеріп келеді. Тіпті қала әкімдігінен күдер үзе бастаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді жоғарыдан үміт күтеді.

23-ықшамауданда соңғы 20-30 жыл дегенде жалғыз аяқ жол жөнделді. Алайда бұдан аудандағы жұртқа келіп-кетері аз болып тұр. Жаңа жол төселген соң тұрақты түрде қоғамдық көлік жүреді деген әкімдік уәдесі жерде қалды. Халық бұрынғыдай Ұлан ауданынан қатынайтын автобусқа жармасумен келеді. Қойылған аялдама сол беті қаңырап тұр.

Жұртты осы сұрақ алаңдатады. Бұрыннан тұрып келе жатқандардың айтуынша, бірнеше жыл бұрын қалаға күніне 8 рет қатынайтын автобус болған. Енді соның бірі де жоқ.

Айнұр Елемес, ықшамаудан тұрғыны:

– Жолды салды, аялдама қалды, тротуар жоқ, халық қалай жүру керек, аялдама бар, автобус жоқ.

Людмила Омарова осында 20 жылдан бері тұрады. Шағын орталықта жұмыс істейтін ол сол жерге жету үшін әбден титықтайды екен. Билік бізді ұмытты деп қынжылады зейнеткер.

Людмила Омарова, ықшамаудан тұрғыны:

– Құрметті қала әкімі, қала басшылары! Осында келіп мен жүрген жолмен өздеріңіз күн сайын жүріп көріңіздерші. Мүмкін сонда ғана халықтың мұқтаждығын ескерерсіздер. Бұл жақта көпбалалы отбасылар да бар. Олар да бала-шағасын мектепке, балабақшаға әрең тасып жүр.

20 жылдың ішінде талай басшы мен депутат ауысты, бірақ жағдай сол қалпы. Оқушылар мектепке, кәрі-құртаң ауруханаға жете алмай діңкелеп келеді. Әкімдік өкілдері бірінің сөзін бірі қайталап әлек. Ауданға таңертең екі, түсте екі рет маршрутты такси қатынайды. Айтуларынша, осы жеткілікті, себебі мұнда жолаушылар ағыны аз.

Абзал Мәулетханов, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

– Ең алдымен маршрут шығарғанға тасымалдаушылар шағын комппаниялар, яғни жекеменшік. Оларға маршурт беру алдында біз жолаушылар деректерінің санын беру керекпіз.

Ал тұрғындар болса, алдымен қоғамдық көлік тұрақты түрде қатынап, елдің сеніміне кіруі керек деп санайды.

Виктор Литвинов, ықшамаудан тұрғыны:

– Жолаушылар ағыны бұлай жүрдім-бардым зерттелмейді. Алдымен тасымалдаушы көлік сол бағытта айлап жүріп, елдің сеніміне кіріп, тұрақты қатынас екенін көрсету керек қой. 6 мыңнан астам тұрғыны бар ауданға автобус беру неге соншалықты қиын болып кетті.

Сонымен мұнда қоғамдық автобустың қашан жүретіні белгісіз. Бұл сұрақ енді Президент әкімшілігің алдына дейін баруы мүмкін. Жолдан бөлек, бұл жақтағы жұрт «ойын алаңқайы» сынды игіліктен де жұрдай.

Эльмира Ахметова, тілші:

– Тұрғындардың айтуынша, мына жерде балалардың ойын алаңқайы болу керек екен. Бұл осыдан 30 жыл бұрынғы қаланың бас жоспарында көрсетіліпті. Алайда мінеки талай уақыт өтсе де, бірде бір әткеншек қойылмаған. Осылай арам шөп басып жатыр.

Бір қызығы сол, білдей бір шағын аудан балалар алаңқайына зар болып отырса, Сәтпаев даңғылында 3 бірдей ойын кешені бос тұр.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов