Ақмола облысында 10 шақты ғимарат жаңадан салынды

Былтыр Ақмола облысында екі жүзден астам әлеуметтік нысан жөнделіп, 10 шақты ғимарат жаңадан салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жұмыстар биыл да жалғасып жатыр. Жобалар «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Өңірлерді дамыту» және «Нұрлы жер» секілді мемлекеттік бағдарламалардың аясында жүзеге асырылады.

Елорда іргесіндегі Целиноград ауданының орталығында ірі спорт кешені салынып жатыр. Жоба құны 1 млрд теңгеге жуықтайды. Үш бөліктен тұратын нысан халықаралық талаптарға сай болады. Былтыр басталған құрылыс, осы жазда толық аяқталып, ғимарат ел игілігіне берілмек. Ал мұндағы екі жаттығу залының біреуі, мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы етіп арнайы жабдықталады.

Сағынтай Кенжетаев, құрылыс учаскесінің басшысы:

– Спорттық дайындалатын жер, бапкерлер, дәрігерлер қызмет жасайды. Және де залдың ерекшелігі – батырма деген бар. Спорт зал ФИФА-ға сәйкес келтірілген.

Ал Қосшы ауылында емхана салынып жатыр. Аумағы 3 жарым мың шаршы метрден асатын 2 қабатты ғимарат шілде айында пайдалануға беріледі. Мұнда 100-ден астам медицина маманы халыққа қызмет көрсетеді. Дәрігерлер бір мезетте 150 адамды қабылдай алады.

Нариман Сыздықов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Өздеріңіз білесіздер, Қосшы ауылының халқы күннен күнге көбейіп келеді. Оған қоса «Лесная поляна» шағын ауданы мен іргедегі Тайтөбе және Нұра секілді елді мекендер бар. Оның үстіне Қосшыға жақында қала мәртебесі беріледі. Міне, сондықтан осындай заманауи емхана қажет болды.

Аймақта әлеуметтік нысандармен қатар тұрғын-үй құрылысы да қарқынды. Мәселен, Ерейментау қаласында әрқайсысы 45 пәтерлі екі бірдей үй салынып жатыр. Бірі «Отбасы» банкінің салымшыларына, екіншісі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша кезекте тұрған азаматтарға үлестірілмек. Екеуінің құрылысы осы жазда аяқталады.

Дәулет Хамитов, Ерейментау аудандық құрылыс бөлімінің жетекшісі:

– 2025 жылға дейін 17 үйдің құрылысын бастаймыз ба деген ой бар. Кезекте тұрған адамдардың саны бүгінгі таңда 700-ден астам адам. Мақсатымыз – 2025 жылға дейін кезекте тұрғандарды 70 пайыз баспанамен қамтамасыз ету.

Ал жалпы облыс бойынша биыл 70 үйдің құрылысы жүріп жатыр.

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко