Атыраудағы үш көпір күрделі жөндеуді қажет етеді

Атырау қаласындағы көпірлердің сапасы сын көтермейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

1965 жылы салынған орталық көпір соңғы 20 жылдан бері жөнделмеген. Облыс орталығындағы 3 бірдей көпірді күрделі жөндеу керек. Бұл мәселені көлік жүргізушілері де күнде көтереді. Алайда, әзірге нәтежие жоқ.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Бұл – мұнайлы шаһардағы Балықшы және Жұмыскер шағын аудандарын жалғайтын көпір. Күйі қашқан көпірден көлік түгілі, жаяу жүргіншілер жүруге жүрексінеді. Көпірдің жағдайы, міне. Күніне 7000-нан астам автокөлік өтетін көпір әлі күнге дейін жөнделмей отыр.

Көпір 13 жыл бұрын пайдалануға берілген. Салынғаннан-ақ құрылыс жұмыстарының шикілігі байқалыпты. Қазір әбден тозып, бетон жабындылардың жігі ажыраған. Саңылаудан жер көрінеді. Техникалық күтім жасалмағандықтан, көпір үстінде шұрық-тесік көбейген.

Блиц 1:

- Мұнайдың астанасындамыз. Бірақ жолдың күйін көріп олай демейсіз. Көпірлердің жағдайы нашар. Балықшыдағы көпір тіпті ашылып кеткен арасы. Енді білмеймін, өткен сайын машинаның тұла бойы сырқырайды. Ой-шұқыры көп.

Блиц 2:

- Жөндеу керек. Жөндемесе мүлдем жүре алмай қаламыз алдағы уақытта. Қаланың маңызды көпірінің бірі ғой осы. Ал, орталық көпірдің де жағдайы сол. Былтыр жапты апаттық деп, одан тағы ашты.

Облыс орталығында 3 көпір күрделі жөндеуді қажет етеді. Мысалы, орталық көпірде өткен жылдың қаңтарында жылу желілері тірегінің жылжып кетуіне байланысты 2 апта бойы қозғалыс шектелген еді. Тұрғындар қалашығындағы көпірдің де жағдайы мәз емес. «Ал, маусым айында Балықшы-Жұмыскер көпірін күрделі жөндеу жұмыстары басталады», - дейді жауаптылар.

Қайрат Оразбаев, қала әкімі:

- Бұл көпірдің жөндеуіне 260 миллион теңгенің үстінде қаражат бөлініп, АИС мекемесі мердігер болып тағайындалған. Орталық көпір көп тарихы бар 1965 жылғы көпіріміз. Бұрын ЖСҚ күрделі жөндеуге дайындалған. Бірақ ол талаптарға қазіргі сәйкес емес. Сондықтан жаңадан ЖСҚ арнайы мекемемен дайындалып жатыр. Шешім бойынша,нормативке сәйкес келтірілуі керек.

Жауаптылардың сөзінше, қаладағы көпірлерді жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі. Жайық өзенінің екі бетін ала қоныстанған мұнайлы шаһар үшін көпірлердің маңызы жоғары.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин