Л.Бюрабекова: Дәрігерлер қорғаныс құралдарын дұрыс пайдаланбады

Л.Бюрабекова: Дәрігерлер қорғаныс құралдарын дұрыс пайдаланбады
pharm.reviews

Пандемия басталғанда дәрігерлер жеке қорғаныс құралдарын дұрыс пайдалана алмады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан олардың көбі коронавирус инфекциясын жұқтырды. Денсаулық сақтау министрінің орынбасары болған Людмила Бюрабекова сот процесінде сұрақтарға жауап бергенде осылай деп мәлімдеді. Қазір қорғаныс құралдары жеткілікті болғанымен, ақ халаттылардың індетке шалдығу деректері әлі күнге дейін тіркеліп жатыр. «Яғни егер бұл костюмдер уақтылы жеткізілсе де, дәрігерлер вирустан толық қорғана алмаушы еді», – деді Бюрабекова. Оның айтуынша, пандемия басталғанда медицина мамандары жеке қорғаныс құралдарын қалай пайдалану тәсілдерімен таныс болған жоқ. Науқас саны күрт көбейгенде, біразы вирустан сақтана алмады. Ал өңірлерде ашылған стационарлардың басым бөлігі санитарлық талаптарға сай келмеді.

Айта кетейік, қазір елордадағы Есіл аудандық сотында «СҚ-Фармация» компаниясының бұрынғы басшысы Берік Шәріпке қатысты сот ісі жүріп жатыр. Оған қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланып, дәрігерлерге арналған қорғаныс құралдарын уақытылы жеткізбеді деген айып тағылуда.