Елордада вирус белгісі бар 50 жолаушы әуежайға кірмекші болған

Елордада халықаралық әуежайға кірмекші болған 50-ден астам жолаушының коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.

Вирус белгісі Ashyq қосымшасы арқылы анықталды. Яғни бағдарламадағы денсаулық мәртебесі қызыл түсті көрсеткен. Тек ПТР-тестілеуден өткен жолаушылардың статусы жасыл түске боялатынын айтып кету керек. Оның өзінде мерзімі 3 күнге ғана жарамды.

Таяуда ғана Ashyq қосымшасында болған техникалық ақаулар қолданушылар санының күрт өсуімен тікелей байланысты болды. Енді ондағы жүктемені азайту үшін мобильді көмекшіні өзге платформаларға орнату көзделіп отыр. Мәселен, қазіргі таңда қосымшаны Aitu платформасынан табуға болады.

Хасанғали Гаппаров, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ төрағасының орынбасары:

– Aitu-да қазір дұрыс басталып келе жатыр басынан бастап. Екі аналог болсын деп Ashyq  соған жеткізуге тырысып жатырмыз. Біреуі құлап жатса, екіншісі балама болады.

Бекболат Молдабеков, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі департаментінің директоры:

– Кеше Ashyq істемей тұрған кезде жолаушыларды «Ашықсыз» кіргізген. Кіргізбеу деген болған жоқ. Егер техникалық проблема біз жақтан болса, онда біз «Ашықсыз» кіргіземіз.

Қосымша авторлары баламалы бағдарлама әзірлеу және оны жетілдіру бойынша жұмыс істеп жатса, әуежай қызметкерлері жолаушылардың бір жерде шоғырлануына жол бермеуге тырысып жатыр.

Әуе жолаушыларын жылдам тексеру қызметі ашылды

Рейсіне асыққан жолаушылар Fast Trac, яғни тексеру қызметі арқылы өтеді, тек қол жүгімен өтуге рұқсат беріледі.

Әуе жолаушыларын жылдам тексеру қызметі ақылы. Төлем қолма-қол ақшасыз жүзеге асырылады. Ал мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тегін.

Айта кеткен жөн, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының 90 жылдығы қарсаңында елорданың әуе айлағын 2035 жылға дейін жаңғырту және жүк аэрохабы болу тұжырымдамасы таныстырылды.

Авторларпы: Мирлан Алтынбек, Жандос Сұлтанғазы