БҚО: эпидемиологиялық жағдай күрделі

Батыс Қазақстан облысы әлі қызыл аймақта, эпидемиологиялық ахуал жақсаратын емес.

Тек соңғы тәулікте тағы 109 адамнан коронавирус анықталған. Қатерлі індеттің бетін қайтарудың бірден бір жолы екпе алу екендігін алға тартады мамандар. Облыс бойынша барлығы 47 екпе салу бекеті жұмыс істейді.

Айта кету керек, 1 ақпаннан бері облысқа вакцинаның 138 560 дозасы жеткізілген. 25 сәуірде әкелінген 2000 отандық вакцинаны облыстың 1 мың тұрғыны салдырыпты. Сонымен қатар облыс тұрғындары үшін Біріккен Араб әмірліктерінде өндірілген 45 мың Hayat-Vax вакцинасы да дайын тұр. Аймақта вакцинаның І және II компонентімен барлығы 9 мыңдай адам егілген.

Нұрлыбек Мұстаев, облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Екпенің екінші компонентін алғаннан кейін қатерлі індетке шалдығудың екі жағдайы тіркелді. Осыған байланысты эпидемиологиялық зерттеу жүргізілді. Індетке қайта шалдығу бойынша облыста біздің департамент пен денсауылық сақтау басқармасы мамандарынан тұратын облыстық комиссия жұмыс істейді. Олар науқастың қайталап індет жұқтыру себебін жан-жақты зерттеп, бақылауға алады.

Арман Қалибеков, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Қазіргі таңда КВИ жұқтыру деңгейі бойынша ахуал нашар. Науқастар инфекциялық стационарға ауыр және аса ауыр ауру ағымымен түсіп жатады. COVID-19 таралуын болдырмау және аймақтағы эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеу үшін барлығыңызды профилактикалық шараларды қатаң ұстануға шақырамын.