427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда саяжай тұрғындары инфрақұрылымға зәру

  • 114
  • UPD: 19:07, 21.05.2021

Саяжай деген аты болмаса қазір бұл жерде 2700-ден астам үй бар. 6,5 мыңға жуық адам тұрады.

Халық саны артқанмен, мәртебесі көтерілмей келеді. Әзірге мұнда қаз-қатар тізілген үйлерден өзге ештеңе жоқ. Тұрғындар тіршілік нәрін тасып ішеді, болмаса өздері қазып алған құдықтың суын пайдаланады.

Елубай Қыдыров, қала тұрғыны:
- Судың мәселесін осыдан 6 жыл бұрын қазғанбыз жердің астынан, соны ішіп отырмыз. Оны ішу мүмкін емес, шәугімнің ішінде аппақ болып қақ тұрып қалады. Батпақшылық, көктемде кіріп, шыға алмаймыз, балалар жүре алмайды ары-бері. Мектеп жоқ, балаларды тасимыз. Енді жағдай өте мәз емес.

Қалада орналасқан елді мекенде электр жарығы да мәз емес Тұрғындар кезінде электр сымдарын өз қаражаттарына жүргізгендерін айтады. Бірақ істен шығып, жарықсыз отыратын күндер де жиі болып тұрады.

Құралай Қамбарбекова, қала тұрғыны:
- Өз ақшамызға барлық тұрғын жиналып, электр қуатын түсіргенбіз. 300 бен 500 мың арасында ақшамыз кетті. Бірақ қазір соңғы кезде үнемі электр қуатын өшіреді. Екі-үш күндей жарық болмайды бізде. Бірақ біз қалаға кіреміз. Осының бәрін шешіп беретін жауапты әкіміміз бар шығар.

Саяжайдағы шешімін таппаған тағы бір мәселе – интернет. Қашықтан оқу осындағы оқушылар үшін оңай болмай тұр. Интернетке қосатын компанияларға хат жазғанымызбен,.мардымды жауап ала алмадық дейді тұрғындар. Жолдың жайы да сын көтермейді. Аудан әкімдігі қордаланған мәселеден хабардар екен. Біраз жылдан бері айтылған арызға биыл құлақ асып, инфрақұрылым жүргізу үшін жобалық-сметалық құжатты жасау үшін қалалық әкімдікке ұсыныс жасадық, дейді.

Константин Воропаев, Түрксіб аудандық әкімдігі көгалдандыру бөлімінің басшысы:
- Түрксіб аудандық әкімдігі тарапынан қалалық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына жобалық-сметалық құжатты дайындау бойынша ұсыныс жасалды. Қазір инженерлік желі мен жолдың жобасы жасалып жатыр. Құрылыс жұмыстары 2022 жылға жоспарланып отыр. Жаңа қосалқы электр станциясының құрылысы жүріп жатыр. Ол 2022 жылы пайдалануға беріледі.

Жергілікті тұрғындар саяжайды ықшам аудан мәртебесіне ауыстыруды талап етіп отыр. Қала әкімі айтқан «Шетсіз қала» жобасында көзделген игіліктер саяжай қауымдастығына бір жылдан кейін жетеді дейді аудандық әкімдіктің өкілі. Оған дейін жолға уақытша инертті материал төсеп, электр қуатын тұрақты беріп тұрамыз деп уәде етті.


Авторлар: Аршын Кемелжанұлы, Нұрдәулет Жақсыбаев

 

 

Хабар 24 телеарнасы