Корея еліміздегі емханаларға медициналық қорғаныс құралдарын тарту етті

Кореяның Қазақстандағы елшілігі, Корея жоғары оқу орындарын тәмамдаған қазақстандық түлектер қауымдастығы және еліміздегі ұлттық волонтерлік желінің өкілдері 8 емханаға медициналық қорғаныс құралдарын тарту етті.

Павлодар, Қызылорда, Қостанай, Қарағанды облыстары және Нұр-Сұлтан қаласындағы медицина мамандарына 1 мың маска, 2 мың медициналық қолғап, 10 мың медициналық бас киім және 660 қорғаныс киімі жіберіледі. Игі шара «Қайырымды істер марафоны» шарасы аясында жүзеге асты. Жоба медицина мамандарының денсаулығын сақтауға және коронавирус пандемиясына қарсы тұруға бағытталған.

Ку Хонг-Сок, Кореяның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Бүгінгі шараның біз үшін маңызы зор. Коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина мамандарына қажетті дүниелерді ұсына алдық. Гуманитарлық көмекке 4 мың АҚШ доллары жұмсалды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Денсаулық сақтау министрі өз сөздерінде вирусқа қарсы күрестің тиімді жолы халықты вакциналау екенін үнемі айтады. Мен мұнымен келісемін. Кореяда бұл жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Біз 150 миллион адамға жететін екпе әзірлеп қойдық.