Алматы облысындағы ауыл тұрғындары интернетке қосылу үшін сапарға аттануға мәжбүр

Нұрым және Ақтөбе ауылдарында интернет байланысы нашар. Алматы облысының Кербұлақ ауданына қарасты бұл елді мекен тұрғындары ғаламтор желісіне қосылу үшін көрші ауылдарға барады. Бұл әсіресе студенттер, мұғалімдер мен мектеп оқушылары үшін қиын болып тұр. 

Міне шекесінде интернет қосылып тұр. Бірақ ашпайды. «Нет доступен интернет» деп тұр.

Абай Әлімбек сабағына қатысты мәліметті ғаламтордан іздеп көрді. Бірақ әдеттегідей ол әрекетінен еш нәтиже шықпады. Оныншы сыныптың оқушысы карантин кезінде интернеттің игілігін көре алмапты.

Абай Әлімбек, оқушы:

- Зум, ештеңеге кіре алмаймыз. Карантин кезінде почтамен оқыдық. Сол кезде қатты қиналдық. Қазір енді мектепке барып оңайланды.

Ауылдағылар интернет сапасын жақсарту үшін үйлеріне Wi-Fi құрылғысын да орнатып көрген. Бірақ оның да көмегі тигені шамалы.

Ақжол Ерғали, оқушы:

- Міне сеть ұстамайды Wi-Fi, өстіп шыға алмай отырмыз. Сеть ұстамайды. Соткамен бірдеңе істейік десек, уотсапқа кірейік десек, қызға звондайық десек сеть ұстамайды. Сабаққа өте тиімсіз.

Студенттер мен ауыл тұрғындары электронды құжат алмасып, қажет дүниелерін телефонына көшіру үшін көрші ауылға сабылады. Өйткені сол жерде ғана әлеуметтік желіге қосылуға мүмкіндік бар.

Ерлан Нұғыманов, ауыл тұрғыны:

- Интернет біздің ауылда тартпайды. Басшиге такси жалдап барамыз. Оқушыларға да сыртта оқитын балалар да төбе-төбені қуалап жүреді. Жылда вышка қоямыз дейді. Бірақ қоймайды.

Гүлнәз Жайлаубаева, облыстық цифрлық технологиялар басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы:

- Нұрым және Ақтөбе ауылдары қазіргі таңда эвдо технологиясы бойынша интернет бар. ҚР байланыс туралы заңының 29-бабына сәйкес,  мобильді операторлар желінің дамуын дербес жоспарлайды және жүзеге асырады. Қазіргі таңда облыс әкімдігі мен аудан әкімдігі тарапынан антенна діңгек құрылғыларын орнату механизмі зерттелуде және инвесторлар іздестірілуде. Аталған жұмыстар оң нәтиже бергенде аталған ауылдар интернетпен қамтылады.

Алматы облысында жеті жүзден астам ауыл бар. Соның 696-сы ғаламторға қосылған. Ал өңірдегі 36 шағын елді мекен тұрғындары интернетсіз күн кешіп келеді.

Авторлар: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов