СҚО-да шымкенттік компанияның кесірінен жұрт 6 млн теңге жалақысынан қағылып отыр

Солтүстік Қазақстан облысында құрылысшылар айлығын ала алмай жүр. Ондаған адам былтыр жаз бойы Ғабит Мүсірепов ауданындағы Привольное ауылының орта мектебін жөндеген.

Оларды тендерді ұтып алған бас мердігер емес, еш құжатсыз делдал кәсіпкер жалдаған. Енді ол жұмысшыларға 6 млн теңге берешек. Өзі де белшеден қарызға батқан. 

- Не, ну вы же нам обещали заплатить. Вы же сами, акимат сами, вот это, вот кто Динара сама же говорила я вам отдам, вы мне помогите. 

Бұл адамдар былтыр Привольное ауылының орта мектебін жөндеген. Бір де біреуінің еңбек келісім-шарты жоқ. Енді айлықтарын даулап, аудандық білім бөлімінің басшысын сұрақтың астына алып жатыр. Өйткені кейбір жұмысшылар 1 қыркүйектің алдында жергілікті билік өкілдерімен келіскен көрінеді.

Болат Сапақбаев, құрылысшы: 

- Мен келіскенім Динара Ақановна замакиммен, сосын Эльмира Мурзахметовна ол отдел образование болған. Солармен келісіп, бізді мұнда әкелді, олар берсін біздің ақшамызды. Адамдардың ақшаларын берсін. Сосын не қылса, соны істесін олар. А то начинают, мен сіздерді білмеймін, мен де оларды білмеймін.

Привольное орта мектебін жөндеуге 58 млн теңге бөлінген. Оған су, жылу жүйесі мен ішкі әрлеу жұмыстары жасалды. Тендерді шымкенттік компания ұтып алып, оны көкшетаулық кәсіпкер Ермек Мәнтіге тапсырады. Бірақ екі жақ келісім-шарт жасаспаған. Енді адамдарды жалдаған делдалдың ауызы күйіп отыр.

Ермек Мәнті, кәсіпкер:

- Мында мен 15,5 млн теңге қарызбын әлі. Адамдарға 6 миллиондай. И 10,5 миллиондай дүкендерге қарызбын мұнда. Қарыздарым бар. Маған енді хабарласып жатыр адамдар. Қарғап жатыр мені. 

Тапсырыс беруші - білім бөлімі басшысының айтуынша, бас мердігер жұмысты уақытында аяқтамаған. Мектеп биыл 3 ақпанда ғана  ғана тапсырылған. Сондықтан олар құрылыс компаниясын сотқа берді. Сонымен қатар кешіктірілген әр күн үшін 1 млн 140 мың теңге айыппұл салды.

Эльмира Қарабаева, Ғабит Мүсірепов аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Дер кезінде тапсырмағандықтан олар бізге жалпы сомадан 0,01% пенья төлеу керек, үстемеақы төлеу керек үкіметтің пайдасына. Сол бойынша біз оларға хат жаздық: осы қосымша келісім-шарт 2021 жылы өз күшінде, сіздер бізге осы үстеме ақыны үкіметтің пайдасына төлеңіздер, сол кезде біз сіздерге қалған ақшаны жібереміз деп. 

Бүгінге дейін бас мердігердің есеп-шотына 41 млн теңге аударылған.

«Қалған ақша айыппұл төленгесін ғана түседі», - дейді тапсырыс беруші.

- Мен Қаршыға Кертаевнаға біздің БИН, счетті бәрін жібердім ғой. Суммасын да жібердім.

– Дұрыс қой, пеньяны төлейміз. Сіздер ақшаны бізге лақтырасыздар. Сонда сіздер барлық қарыздарыңызды жабасыздар осы Привольное мектебі бойынша. Дұрыс па?

– Иә, иә.

– Жақсы рахмет.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Еш құжатсыз ауызша келіскеннің арты осылай болады. Шымкенттегі мердігер ұйымның өкілдері тағы да уәде беріп отыр. Бұл жолы сөздерінде тұра ма, жоқ па оны уақыт көрсетеді.

Авторлар: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов