Оралда ата-аналар мектепке жаңарту жұмыстарын жүргізуді сұрап отыр

Оралдағы кейбір мектептер ауласын абаттандыруға құлықсыз. Біразында спорт алаңдары да жоқ. Ал қолданыстағы жабдықтардың өзі әбден тозған. Баласының болашағына алаңдаған тұрғындар жергілікті биліктен білім ошағына жаңғырту жұмыстарын жүргізуді сұрайды.

Қаладағы №9 мектепте спорт алаңының аты болмаса заты жоқ. Футбол ойнайтын жерде газон емес, кәдімгі сірескен цемент ғана жатыр. Жүгіру жолақтары мүлде төселмеген. Ал жаттығуға арналған темір құрылғылардың сау тамтығы қалмаған.

Әділбек Таңжарықов, қала тұрғыны:

- Мұнда ойнасаң, жарақат аласың. Қараңдаршы, мұнда не зат болып жатқанын. Аулада ойнайтын жер жоқ. Енді мұнда жақсы бір футбол алаңын салса, беговая дорожка салса, сосын мында заманауи спортивный снаряд, резиновая крожкамен салса, балалар келіп ойнайды ғой.

Василий Жданов, қала тұрғыны:

- Осы жерге күн сайын таңертең және кеште серуендеуге келемін. Бұл жерде балалар да ойнайды, қариялар да серуендейді. Алайда ешқандай қолайлы жағдай қарастырылмаған. Біздің ауданда тынымбақ та, спорт алаңы да жоқ. 

Шаһарда дәл осындай 5 мектептің шырайы қашқан. Ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне алаңдайды. Сондықтан аулалар абаттандырылып, жаңа спорт жабдықтары орнатылғанын қалайды.

«Тиісті жұмыс жүргізілсе, оқушылармен қатар ересектер де спортпен шұғылданар еді» дейді тұрғындар.

Әкімдік өкілінің айтуынша, мектеп ауласын жақсартуға бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Мұндай жобаларды инвесторлардың қолдауымен ғана жүзеге асыру көзделіп отыр.

Тілек Қуанышкереев, қалалық білім бөлімінің әдіскері:

- 9-мектеп биыл күрделі жөндеуден өткізуге ПСД өткізіліп тұр. Сол күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген кезде оның спорттық алаңдарын жабдықтау соның ішінде қарастырылған. Ал енді жаңадан салынған мектептерге, олардың спорттық алаңдарын абаттандыру алдағы жоспарда жоқ. Келісетін инвестор болса, біз солармен келісім-шарт жасауға дайынбыз.

Жығылғанға жұдырық болғандай, қазір 13 мектептің спорт залы шәкірттерге тарлық етіп жатқан көрінеді. Бұл мәселені де әкімдік инвесторлармен бірлесе шешкісі келеді. Алайда әзірге ешқандай келісім жасалмаған. 

Авторлар: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов