Маңғыстау облысына Түрікменстаннан 256 қазақ көшіп келді

Маңғыстауды мекен еткен тұрғындар саны тәуелсіздік жылдары екі есеге өсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір өңірде 724 мыңнан астам адам тұрады. Олардың 60 процентке жуығы ауылда. Шалғай жатқан елді мекендер бала туу бойынша республикада алдыңғы орында тұр. Көршілес Түрікменстан, Иран мен Өзбекстаннан қандастарымыз атажұртқа қоныс аударуы да қуанышқа негіз болса керек.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, биыл қаңтар мен сәуір айлары аралығында Маңғыстауда 7123 сәби дүниеге келді. Бір қуантарлығы, егіз перзент көтерген, бес одан да көп баланы туған алтын құрсақты аналар қатары жыл санап өсіп келеді.

Ұлболсын Жылқыбекова, қала тұрғыны:

– Қазір алтыншы жүктілігім. Егіз деп күтіп отырмыз, бұйырса. Өзім үйде қараймын, төртеуі мектеп оқушысы. Ешқандай қиындық жоқ. Өзіміз бөлек тұрамыз ата-анамыздан. Өзім де жұмыс жасаймын мектепте.

Жапырақ Епенова, перинаталдық орталықтың директоры:

– Жалпы өңірімізде жас әйелдердің босану көрсеткіші де жоғары. Мысалы, осыдан 10 шақты жыл бұрын 30-35 арасындағы келіншектер 3-4 баламен шектелсе, бүгінгі күндері 35-37 жас арасындағы аналар көп босанушы аналар атанып жатыр. 7 баладан, 8 баладан дүниеге әкеліп жатыр. Сондықтан бұл туу көрсеткішінің өсуінің өзін жағдайымыздың жақсарғаны деген сөз деп түсінеміз.

Маңғыстау облысында 3-6 жас аралығындағы балалар бөбекжаймен 100 процент қамтылған. Балабақша құрылысына жеке кәсіпкерлердің де қаржы құюымен мәселе толық шешілді деуге болады. Облыс бойынша 158 мектеп бар. Биылдың өзінде 6 білім ордасының іргетасы қаланды. Оқу жылына дейін 3 нысан ашылуы тиіс.

Өткен аптада Түрікменстаннан 256 қандасымыз көшіп келді. Олар 12 мамырда Түрікменбашы қаласында пойызға отырды. 2 тәуліктей жол жүріп, Жаңаөзенге жетті. Атамекеніне оралған азаматтардың ПТР-талдау анықтамасы бар. Олар қалауы бойынша еліміздің кез келген өңіріне қоныстана алады. Солтүстік аймақтарға барғысы келген жанұяға арнайы квота беріледі. Қазақстанда туысы жоқ қандастарымыз Ақтаудағы жатақханада уақытша тұрып жатыр.

Зейнеш Алдабергенова

– 10-ы күні естідік. Содан сол жақтағы тумалас, жекжат-жатақтарымыз бәрі келіп, жол болсын айтты. Қалғандары да келеді. Осында кіші баламның үйі бар, сол үйге барамыз.

2020 жылдың сәуір айынан бергі уақытта облыста тұрғын саны 20 мың 302 адамға өсті. Оның 3 мың жуығы облыс орталығында тұрады. Еліміздің теңіз қақпасы атанған Ақтауда, қала берді мұнай-газ кеніштері тығыз шоғырланған Маңғыстау өңірінде өмір сүру өзге аймақтардың азаматтарын да қызықтырады.

Серікбай Трұмов, облыс әкімі:

– Қазір бірнеше жақын шет елдермен теңіз арқылы байланыстамыз. Паромдар жүріп тұрады. Көлік қатынастарын да жақсарттық. Мысалы, Бейнеу-Жезқазған бағытындағы теміржол құрылысының салынуы. Бұл біздің орталықпен 500 километрден астам жақындатты. Түрікменстанмен, ар жағы Иран Ислам республикасымен байланыстағы үлкен теміржолдың салынуы. Бұл «Жаңаөзен-Берекет-Горган» теміржолы.

Өңірде жыл соңына дейін 32 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Қаңтардан бері бұл бағыттағы жұмыстар 33 процентке орындалды. «Еңбек» бағдарламасы аясында халыққа төмен пайызбен несие мен шағын кәсіпорын ашуға қаржылай гранттар бөлуге басымдық берілген.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев