Серебрянск қаласында көп қабатты үй тұрғындары ауыз судан қағылды

Шығыс Қазақстан облысындағы Серебрянск қаласында көп қабатты үйдің тұрғындары қағазбастылық кесірінен жарты айдан астам уақыт ауыз сусыз қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Коммуналдық мекеме жаңа келісімшартқа сүйеніп, құбыр желісінен шыққан ақауды жөндеуден бас тартқан. Сенделген жұрт біздің арна тілшілеріне хабарласқан соң ғана мәселе шешілді. Енді қалалықтар өзге көп қабатты үйлерде жағдай қайталана ма деп алаңдайды.

Тұрғындардың өтінішіне «ЖылуСуОрталық» мекемесінің заңгері тек осы жауапты қайталаумен болды. «Үйде көбінесе зейнеткерлердің тұрып жатқанын көріп тұрса да, заңнан аса алмаймыз», дейді. Өйткені мұндағылар жаңа келісімшартқа қол қойып қойған. Ендеше ақауды да өз күштерімен жөндеуі керек. Яғни, 300 метрлік құбырдың қай жерінен кінарат шыққанын өздері тауып, қалпына келтіруі тиіс.

Мамандардың айтуынша, барлық Пәтер иелері кооперативі «ЖылуСуОрталық» мекемесімен тағы бір мәміле жасаған. Ал бұл үйде дәл сол құжат болмай шыққан.Оны өзге де анықтамалармен бірге реттеу үшін екі аптадан астам уақыт кетіпті. Сонша уақыт бойы ауыз судан да қағылуға тура келеді.

Фёдор Фёдоров, қала тұрғыны:

- 30 жылдан астам уақыт осында тұрып келеміз, осындай мәселе болып көрмеген. Барлық келісімшарт шарттары заңға қайшы. Бізді жай ғана жеке сектор ретінде қабылдап отыр. Ол дұрыс емес қой. Кондоминиум тіркелген, бірақ оны да ескермеді.

«Барлығына келісеміз,тек құбырды жөндеп беруге көмектессеңіздер деген өтінішімізге ешкім құлақ аспады», - дейді Тамара Горбатова. Мүгедек ұлын күтіп жүрген кейуана «жарты ай сусыз отыру жаныма қатты батты» деп қынжылады.

Тамара Горбатова, қала тұрғыны:

- Біз осы коммуналдық мекемеге ұсыныс жасадық. Ақауды жөндеуге қанша қаражат кетсе де өтеп береміз, тек қалпына келтіріп беріңдерші дедік. Біз мында кілең кәрі құртаң тұрамыз, ешқайда қашып кетпейміз ғой. Соңынан өзара есептесеміз деп едік. Бұлар оған да көнбеді.

Амалы таусылған тұрғындар біздің арнаға хабарласып, тек осыдан соң ғана тығырықтан шыққан. Мәселеге әкімдік араласып, ақауды жөндеуге көмек берді.

Нұрлан Махамбетов, Серебрянск қаласының әкімі:

- Біз әкімдік тарапынан бұл мәселені шешіп жатырмыз, тұрғындарға көмектесіп жатырмыз. Адамдар жұмыс істеп жатыр, енді ары қарай тұрғындар мен водоканал өздері бұл мәселені шешулері керек.

Коммуналдық мекеме өкілдері де енді құжат реттелсе болды, бұндай келеңсіздік қайталанбайды деп отыр.

Владислав Зиновьев, аудандық ауыз сумен қамту мекемесінің бөлімше басшысы:

- Аталған үйде кондомимум болмады.Енді ғана сол құжаттарды істеп жатыр. Сондықтан сол рәсім бітісімен келісімге отырып, ары қарай оларға қызмет көрсететін боламыз.

Серебрянскіде 186 көп пәтерлі үй бар. Бұдан былай олардың әрқайсысымен жаңа келісімшарттың бүге-шігесі түсіндіріліп, мәміле жасалады. Әйтпесе, қағазбастылық жұртты тағы да ауыз судан қағуы мүмкін.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов