425,82 518.00 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қаратау көшелерінің жартысы ғана жөндеуден өткен

  • 121
  • UPD: 20:59, 22.05.2021

Шығыста су жоқ болса, Жамбылда жұрт жол азабын тартып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаратау қаласында көшелердің жартысы ғана жөндеуден өткен. Қалғаны ой-шұңқырдан аяқ алып жүргісіз.

Көлік жүргізушілері табыстың бәрі транспорт жөндеуге кететінін айтады. Жергілікті әкімдік арыз-шағым қабылдаудан өзге әрекетке бармайтын көрінеді. «Басшылықтың құрғақ уәдесіне әбден тойдық», - дейді қаратаулықтар.

Қаратаудың жеке сектор жайғасқан аумақтарының көшелеріне соңғы рет кеңестік дәуірде асфальт төселген. Одан бері тоз-тозы шыққан көшелер жөнді жөндеу көрмеді. Жергілікті билік жол жыртығын жамауға тырысып, қызыл түсті ұнтақ сеуіп шығыпты. Тиісті құрылыс материалдары қолданылмағаны тұрғындардың наразылығын туғызып отыр.

Омар Бейсенбеков, Қаратау қаласының тұрғыны:

- Жолдың бітеген жері мынау, міне қараңдар. Сәл жел тұрса қызыл шаң көтеріледі. Жаңбыр жауса қып-қызыл қан, көліктің бәрі қызыл ала. Жолдың сапасы осы. Қалашықта өзі 7 көше бар. Бәрі осындай.

Нұрбол Мырзамбетов, Қаратау қаласының тұрғыны:

- Бір айға жеткен жоқ жаңбыр жауды, батпақ болды, қайтадан шұңқыр шықты. Әкімшілікке айттық, ескерттік. Ешқандай қимыл болған жоқ. Олардың айтатыны: біз тегістедік, әзірге асфальт жоқ, төсей алмаймыз деп отыр.

Жаңа асфальт жамылғысы төселмесе де, күрделі жөндеу жүргізілсін деген өтінішпен Қаратау тұрғындары жергілікті әкімдікке жылда барады екен. Бірақ баяғы жартас, сол жартас.

Сайлаубек Балқыбеков, Қаратау қаласының тұрғыны:

- Былтыр келесі жылы деген. Биыл тағы жаңадан әкім келіпті. Ол не дейтінін, барайық деп отырмыз оған.

Жұмағали Байбағысов, Қаратау қаласының тұрғыны:

- Артық қыламын деп тыртық қылып отыр. Халыққа қамқор болады деген әкімшілігімізге біреуі келеді, біреуі кетеді. Жалпы төртінші әкім келіп отыр осы.

Жолдың жайы жырланған түсірілім барысында жанымызға Қаратау қаласының әкімі келді. Тұрғындар көше машақатымен қатар жарықтандыру, жайылымдық жер жетіспеушілігіне қатысты сауалдарды шаһар басшысына тікелей қойды. Моноқалашық басшысы көшелерді реттеудің барлық тетігін іске қосып жатқанын айтады.

Мақсат Рысбаев, Қаратау қаласының әкімі:

- 42 көшенің толық көлемде негізі жоспары жасалынған. Көше жамылғысының қаражатын есептеп, жоба-сметалық құжаты әзірленіп жатыр. Сол біткеннен кейін экономика бөліміне бюджеттік өтінім береміз. Бюджеттік өтінім бергеннен кейін қаражаты бөлінсе, бірден конкурс ойнатамыз.

Қаратаудағы бас-аяғы 102 көшенің 40 шақтысы ғана асфальттанған екен. Әкім айтқан 42 көшені жөндеу жобалары қашан мақұлданатыны тағы белгісіз. Тұрғындар жыл аяғына дейін ең болмаса орталық көшелерді жөндеп берсе екен дейді.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Анастасия Сулейманова, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатилла

Хабар 24 телеарнасы