Павлодар облысында картоптың жаңа түрін егу қолға алынды

Павлодар облысында картоп өсірушілер биыл өнімнің жаңа сұрпын шығаруды мақсат етіп отыр. Шаруалар бұл өнім келешекте жоғары сұранысқа ие болса, мол табысқа кенелуден үмітті. Олар картоптың ерекше сұрпын шығаруға бұған дейін де талпыныс жасаған.

Дала төсінде қайнаған тірлік. Шаруалар көктемнің әр күнін тиімді пайдалануға тырысып жатыр. Картоп салатын комбайнды бақылайтын Диар Аспан күніне 10 шақырымды артқа тастайды. Ветеринар мамандығын оқып жатқан ол алдағы өмірін осы фермерлік шаруашылықпен байланыстырғысы келеді.

Диар Аспан, жұмысшы:

- Аман-есен оқуымды бітіріп, үйленіп, сол бала-шаға құрып, амандық болса, жұмысқа тұрып, өз мамандығым бойынша оқып жатқан жұмысқа тұрып, ветеринар болып фермаға тұратын шығармын. Әр жұмыс қиын, оңай жұмыс жоқ, істеп жатырмыз ақырындап.

Николай Кирильченко автоматтандырылған тұқым себу кешенін жүргізеді. Механизатор заманауи ауыл шаруашылығы техникасына отыруды армандағанын жасырмады.

- Трактор хороший, иномарка, мне нравится. Удобно, не тяжело.

Николай  жер өңдеу  жұмыстарына алғаш рет  қатысып отыр. Шөп шапқаны болмаса егін салып көрмепті.

Николай Кирильченко, механизатор:

- Жер жырту жұмыстары жақсы жүріп жатыр. Топырақ жұмсақ, тыңайтқыш жеткілікті. Топырақтың бір сиқыры бар сияқты. Тұқым сепкен кезде жан дүниең бір  рахатқа бөленеді.

Шаруашылық үшін сәбіз өсіру тиімді. Бұл көкөніске сұраныс жоғары әрі ол бұзылмай ұзақ сақталады. Бірақ картопқа басымдық көбірек беріледі. Қолданыстағы жеті голландтық сұрыпқа биыл жаңа өнім түрі қосылды. Ол кептірілген картоп өндірісі үшін қажет.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Біздің күнделікті тағамға қолданып жүрген картоптан чипсы жасайтын картоптың айырмашылығы бар екен. Біріншіден, оның көлемі осындай шағын келеді және оның құрамында қант пен крахмалдың мөлшері төмен, демек, құнары аз. Ал оны отырғызу технологиясы да ерекше екен. Мәселен, картопты бір-біріне жақын орналастырады. Ол оны ірі болып өсіп кетуден сақтайды.

Шаруашылық Талдықорғанның кептірілген картоп шығаратын зауытымен келісім жасапты. Биыл 43 гектар алқапқа өте ерте пісетін голландтық селекцияның «Леди Клер» тұқымын екті. Алынған өнімді күзде кептірілген картоп өндіретін зауытқа тапсырады. Жаңа өнімнің берекелі болатынына шаруалардың сенімі мол.

Авторлар: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов