Түркістан облысы жаңа техника көмегімен егіс көлемін ұлғайтты

Созақ ауданының климаты құрғақ, жері шөлейтті болғанына қарамастан диқандар ауыл шаруашылығы саласына ерекше ден қоюда. Халқы бұрын тек мал шаруашылығымен айналысса, енді көкөніс, бақша дақылдары мен қауын-қарбыз егіп, экспортқа шығаруды қолға алды. Алғаш рет лизингке жаңа техника сатып алып, егіс көлемін ұлғайтып жатыр.

Созақ ауылының тұрғыны Шәріпжан Ырысметов 2 жылдан бері қарбыз егіп келеді. Былтыр 4 гектардан 120 тонна өнім алып, Ресейге өткізген. Созақ ауданы теріскейде, бетпақ даламен шектескендіктен басқа аудандарға қарағанда бақша дақылдары 1-1,5 айға кеш піседі. Сондықтан сұраныс та жоғары болмақ. Биыл 6 гектарға жеміс егіп, одан 200 тонна қарбыз алуды жоспарлап отыр. Барлығын Ресейге жөнелту үшін ол жақпен келісіп те қойған. Жер емген диқан жақында лизингке техника сатып алған. Трактордың құны 12 млн теңге, оның 25 процентін мемлекет субсидиялап беріпті.

Шәріпжан Ырысметов, диқан:

- Қазіргі таңда өзімнің тіршілігіме сол техникамды пайдаланып отырмын. Жақсы жұмыс, көп жеңілдеп қалды. Бізде су тапшы. Жаңбырлатып суару қондырғысына қазір келісім-шарт жасап жатырмын. Құны 9 млн екен. Мемлекет тарапынан оның 50 проценті субсидияланады. «Бір айдың көлемінде аламын» деп ниет етіп отырмын. Бәріне пайдаланса болады оны, мен өзім танысып шықтым.

- Ауыл, ауданда ондай техниканы пайдаланып отырғандар бар ма?

– Бүгінге дейін жоқ. Бірінші болып біз алып, қолданып, жастарға үлгі етіп жатырмыз.

Мамандар «су жаңа техника бұрынғы ескі тракторларға қарағанда жұмысты үш есе артығымен орындауға мүмкіндік береді» дейді. Әрі ішінде отырған адамға ыңғайлы болуы үшін барлық жағдай жасалғанын айтады. Трактор тізгіндеп, егіс алқабын жыртып жүрген Мейірман Асқарбеков жаңа техникаға мініп, көзіміз ашылды деп отыр. Бұрынғы ескі техниканың жүргенінен тұрғаны көп болатынын жасырмайды.

Мейірман Асқарбеков, тракторшы:

- Бұрынғы техникаға қарағанда қазіргі техниканың қуаттылығы мықты. Шаршамайсың, күндіз-түні жұмыс істей беруге болады. Мүмкіндігі де көп. Алдына ковш тіркей саласың. Соқасы үш тісті болады. Тез бітіресің, өнімді болады тірлік. Барлық мүмкіндігі жасалған бұл тракторлардың ішінде еркін отырып, демалып, салқындап, музыка қоя саласың.

Биыл Созақ ауылдық округінде 10 шаруа жаңа техника сатып алған. Оның ішінде трактор, соқа, дән сепкіш пен шөп престегіш құралдары да бар. Жақында тағы да бес шаруа жаңбырлатып суару техникасына тапсырыс берген.

Аят Батырханов, Созақ ауылдық округінің әкімі:

- Өздеріңіз білесіздер, Созақ ауданының климаты өте құрғақ. Шөлейтті аймаққа жатады. Дегенмен, біздің шаруалар жаңа техникаларды пайдалану арқасында былтырдан бастап, 30-40 гектарлап, бидай еге бастадық. Биыл 60 гектарға көтеріп отырмыз оны. Бақша дақыладры күнделікті үйде тұтынатын. Соның барлығы да қазір өзімізден табылады. Қазір ауыл шаруашылығы мақсатындағы техниканың 50 проценті жаңарды.

Жалпы Созақ ауылдық округінде мал шаруашылығымен айналыстатын ірілі-ұсақты 180 шаруа қожалығы бар. Бүгінгі күні соның 50 проценті диқаншылықпен айналысуға бет бұрған. Олар 1400 гектар алқапқа көкөніс, бақша және бидай егіп отыр.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы