Ақтөбеде жағажай қауіпсіздігі тексеріліп жатыр

Шомылу маусымында Ақтөбе облысында 62 жағажай ашылуы тиіс. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Алайда жазғы демалыс орындарының жұмысы эпидемиологиялық ахуалға байланысты болмақ.

Өңірде суға шомылу кезеңін жылдағыдай 1 маусымда ашу көзделіп отыр. Сүңгуірлер жағажайлардағы судың табанын қауіпті заттардан тазартып шықты. СЭС мамандары да мониторинг жүргізіп, су мен топырақтың құрамын тексеріп жатыр. Алайда шомылу маусымын бастау туралы әзірге айту ерте.

Гүлбану Дәулетова, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Егер әрі қарай қызыл аймаққа кірген жағдайда, сонымен қатар ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен осы сұрақ реттелген жағдайда біз өзіміздің облысымызда демалатын орындарды ашу жөніндегі сұрақ қаралатын болады. Бізде осы күнге дейін облыс бойынша 11 демалыс орыны санитарлық-эпидемиологиялық сәйкестігі туралы қорытынды алды.

Төтенше жағдай қызметі жағажайларда санитарлық талап сақталуы керек дейді. Өз ұсыныстарын тиісті мекемеге жолдаған. Қазір құтқарушылар, тәртіп сақшылары мен атты жасақ шомылу маусымы кезінде бірлесе атқаратын жұмыстарды пысықтауда. Шомылуға тыйым салынған жерлер бақылауға алынады. Мақсаты жазатайым оқиғалардың алдын алу.

Аслан Қасқырбаев, патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары:

- Негізгі міндетіміз суға түсу орындарында қоғамдық тәртіпті сақтау. Соның ішінде тұрғындар қалашығы ауданындағы, Ақтөбе су қоймасы және тағы басқа бірқатар жағажайларда шолу жүргізіледі. Бұл іске атты жасағымыз қатысады. Сенбі, жексенбіде кезекшілік күшейтілген режимде жүреді.

Былтыр эпидемиологиялық жағдайға байланысты жағажайлар жұмыс істемеді. Бірақ соған қарамастан өзен-көлге барып суға түскен 23 адам қайтыс болды. Ал биылғы бес айда 6 жағдай тіркеліп отыр. Сондықтан алдағы маусымда шомылушылардың қауіпсіздігі үшін жылдағыдай еріктілер мен мектеп мұғалімдерін тарту көзделген.  Арнайы курстан өткен соң олар  кезекшілікке шығады.

Айбат Жаңабергенов, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы:

- Ол мұғалімдер өздерінің айлық есебінде жүреді. Каникул кезінде біздің қызметкерлермен, волонтерлармен, жол полициясы, полиция департаментімен бірлесіп, рейдтік іс-шараларға біз тартатын боламыз. Бұл жерде дене шынықтыру және әскери жетекші мұғалімдерін тартуды жөн көріп отырмыз. Неге десеңіз, ол жерде кейбір мезеттерде адам құтқару жағдайлары туындауы мүмкін.

Жаз бойы облыста 500 адам шомылу маусымында жұмыс істейді. Әр тәулікте 100 адамды кезекшілікке қою көзделген.

Авторлар: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев