427,23 518.00 5.85
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылорда облысындағы Еңбекші ауылы тағы елеусіз қалды

  • 183
  • UPD: 18:13, 23.05.2021

Қызылорда облысындағы Еңбекші ауылына биыл табиғи газ құбыры тартылуы керек еді.

Шиелі ауданы әкімінің халыққа есеп беру кездесуінде осындай уәде берілген. Алайда ауылдағы ағайынның қуанышы су сепкендей басылды. Өйткені, елді мекен мемлекеттік бағдарлама арқылы газдандырылатын бес ауылдың тізіміне енбей қалыпты. Еңбекшіде жол мәселесі де өзекті. Қаратаудан қиыршық тас таситын жүк көліктері, елді мекеннен өтіп, асфальттың тоз-тозын шығарған.

Ауылдағы Ибишовтар отбасы күнделікті ас әзірлеу үшін газ баллонын пайдаланады. Дегенмен оның қаупі де жоқ емес. Жақында аудан әкімінің есепті жиынында ауылға газ келеді деп сүйіншілеген екен. Сол кезде, еңбекшіліктермен бірге Таубай ақсақал да бөркін аспанға атқан. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмады.

Таубай Ибишов, Еңбекші ауылының тұрғыны:

– Газ үстімізден өтіп отыр. Мына ауылдың шетінен. 100-200 метр ғой. 3 жылдың көлемі, әр ауылдың, ауданның әкімі есеп берген сайын айтылатын мәселе – газ. Олар уәдесін беріп жатыр, ақша мәселесін шешеміз, жоба-сметалық құжаттары дайын деді.

Еңбекшіге кіреберіс жыртық-жамау жолдың да жайы ауылдықтардың жанына батып отыр. Қаратаудың тасы мен уран өндірушілерге күкірт қышқылын таситын жүк көліктері ауыл аспанын күні-түні көк шаңға бөгеді екен.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Күніге бұл жермен жүздеген жүк көлігі арлы-берлі өтеді. Олардың көпшілігі Қаратаудың миллиондаған тонна қияршық тасын өндіріс орындарына жеткізеді. Соның салдарынан кезінде тақтайдай тегіс болған асфальттың астан-кестеі шығып жатыр.

Сұлтан Ахметов, Еңбекші ауылының тұрғыны:

– Бүкіл камаз мына жолдың быт-шытын шығарды. Бізге төлеп жатқан дымы да жоқ. Өздерің де келдіңдер ғой, шұқыр-шұқыр. Күні-түні камаз жүріп жатыр. Жолын салып алсын, біздің жолға тимесін. Істеп берсін, тимесін. Өзі арнайы салып алсын. Жүрсін күні-түні. Суын сеуіп тұрсын. Шаң қылмай ауылды.

Екі мыңдай тұрғыны бар Еңбекшідегі қос түйткілдің түйінін тарқату үшін әкімдік қандай шараларды қолға алған? Әуелі газдың жайын сұрадық.

Ғалымжан Шалбаев, Шиелі аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының м.а:

- Бізде аудан бойынша тағы да 6 ауылға берген болатынбыз. Оның шінде де Еңбекші ауылдық округі бар. 6 бюджеттік өтінім тапсырған болатын. Оның ішінде бағдарламаға енгізу бойынша 5 ауылдық округкке «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша еніп, сосын Еңбекші ауылдық округіне бөлек республикалық бюджеттен ақша бөлінеді. Сол себептен. Тапсырыс берілді, басқарма тарапынан. Енді әрі қарай министрліктен жүргізілетін болады ғой. Нақты осы жылы беріледі деп айту қиын, өйткені біз 2022 жылы деп жоспарлап отырмыз.

Аудандағы цемент және уран өндіруші компаниялардың техникалары үшін ауылдың сыртынан өз алдына жол салу жоспарда бар екен. Алайда әзірге қаржы мәселесі шешілмеген. Дегенмен бірер күнде ауылға тиесілі жол бөлігін ағымдағы жөндеу басталады.

Дана Аман, Шиелі аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– 6 шақырым жолды бұлар ағымдағы жөндеуден өткізеді. Сосын ауылдың сыртын айналып өтетін 3 шақырымдай жол бар, соны ағымдағы жөндеуден өткізеді. Инертті материалдар өндіретін зауыттың директорларымен аудан әкімінің кездесуін өткізіп, соларға мына жолды күтіп ұстау жөнінде тәртібін айтамыз. Ауыл тұрғындарының өтініштері бар экология жағынан. Сол мәселелердің бәрін көтеретін болады.

Еңбекшіліктердің орталықтандырылған газ жүйесіне қосылып, тақтайдай тегіс жолмен жүретін күні қашан туары белгісіз?. Әкімдік өкілдері жоспардың құрылғанын, қаржының сұралғанын айтты. Мәселе нақты қашан шешімін табады? Бұл әзірге басы ашық сұрақ.

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы