425,78 518.00 5.85
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысындағы мектептерде қауіпсіздік көңіл көншітпейді

  • 164
  • UPD: 20:22, 23.05.2021

Павлодар облысындағы орта білім беру нысандарында оқушылар қауіпсіздігін бақылау ісі ақсап тұр.

Бұл ішкі істер органдары жүргізген тексеріс барысында анықталды. Бейнебақылау құралдарының аздығы, турникеттердің жоқтығы жиі байқалады.

Облыс орталығының іргесіндегі Кенжекөл ауылының мектебінде мыңнан астам ұл-қыз оқиды. Олардың қауіпсіздігін қамту мақсатында бейнекамераларды орнату жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізіліп келеді. Өткен жылы 19 құрал іске қосылып, жалпы саны 39-ға жеткен. Бірақ бұл аздық етеді дейді мұғалімдер. Мектеп ішінде камераға түсе бермейтін аумақтар бар.

Сандуғаш Ақылжанова, Кенжекөл орта мектебінің директоры:

- Мектеп ішінде камера орнатылмаған орындар бар. Мәселен, мәжіліс залы, спорт залы, коридорлар мен өзге де жерлер қамтылған. Дабыл пернесін орнату бойынша күзетуші ұйыммен келісімшарт жасамақпыз. Сонымен қатар турникет орнатамыз.

Тәртіп сақшылары аймақтағы 357 орта мектептің қауіпсіздігі бойынша тексеріс актісін жасады. Нәтиже көңіл көншітпейді. Мәселен, Павлодар қаласындағы 53 мектеп тексеріліп, бейнекамерамен қамтылмаған 39 орын белгілі болды.

Арман Қаптаев, қалалық ПБ ЖПҚ басшысы:

- Бірінші кезекте физикалық күзет және мамандандырылған күзет қызмет болу керек. Яғни, күзетші маманы мектептегі қауіпсіздікті бақылауы тиіс. Ал аймақтағы мектептердің көбінде бұл қызметті вахтер немесе өзге мамандар атқарады. Тәжірибелері де болмауы мүмкін. Сонымен қатар нысандарға жататын аумақтар қоршалуы керек.

Бұл мектепте дабыл пернесі бүгін орнатылды. Күзетші ұйыммен келісімшарт жасалған. Мектепте оқыс оқиға кезінде әрекет ету бойынша жаттығулар апта сайын жүргізіледі. Сонымен қатар ғимараттағы апаттық шығу жолдарының жағдайы тексерілген. Мекеме басшылығы камералардың аздығына алаңдаулы. Себебі нысанның сыртқы аумағы тасада қалған.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- 1200-ден астам бала оқитын бұл орта білім беру мектебінің сыртқы бөлігінде 16 бейнебақылау камерасы орнатылған. Алдағы уақытта балалардың қаупісіздігін қамту мақсатында олардың қатары тағы 70 құралмен толығатын болады. Осылайша, білім ошағының кез келген бұрышы, кез келген нысаны бақылауға алынады. Олардың қатарында бұл стадион бар.

Бір гектарлық бұл жер қоршалмаған. Оған қоса жарық та жоқ. Мамандар бұған да алаңдаулы. Себебі, саябақ аумағында тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдар, мас күйіндегі азаматтар жиналуы мүмкін. Мұғалімдер оқушылар үшін қорқады.

Жанна Байғозинова, Қ.Мақпалеев атындағы орта мектеп директоры:

- Стадион, балалардың ойын алаңдары мен стадион аумағы камерамен қамтылмаған. Алдағы уақытта адамның бет-әлпетін анық көрсететін құралдарды орнатамыз. Бүгінде қолданыстағы 32 камерамыз жедел басқару жүйесіне қосылған.

Тексеріс қорытындысы бойынша тәртіп сақшылары олқылықтарды жоюға бір ай уақыт берді. Сонымен қатар полиция департаменті балалар қауіпсіздігі бойынша облыс әкіміне тиісті шараларды қолға алу жөнінде хат жолдады.

Ақмарал Есміханова және Жеңіс Темірболат

Хабар 24 телеарнасы