Қазақстандықтар Ресейге Беларусь арқылы ұшып келе алады

Қазақстандықтарға Беларусь арқылы қандай да бір қосымша шарттарсыз Ресейге ұшып келуге рұқсат берілді. Бұл туралы Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің сайтында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мұндай тәртіп Ресей Федерациясы Үкіметінің 18 мамырдағы №1291-р өкімінің 2.12-тармағында қарастырылған (құжатқа сілтеме). «Бұған дейін ҚР азаматтары Беларусьта тұруға ықтиярхаты болған жағдайда ғана Ресейге ұшып келе алатын. Қазіргі уақытта Қазақстан азаматтары Ресеймен тұрақты әуе қатынасын қалпына келтірген барлық елдерден ешқандай кедергісіз ұшып келе алады», - делінген Елшілік сайтында. Ресей келесі елдермен тұрақты авиарейстерді орындайды: Қазақстан, Беларусь, Түркия, Швейцария, Мысыр, Мальдив аралдары, Біріккен Араб Әмірліктері, Қырғызстан, Корей Республикасы, Куба, Сербия, Жапония, Сейшел аралдары, Эфиопия, Вьетнам, Үндістан, Катар, Финляндия, Әзербайжан, Армения, Греция, Сингапур, Венесуэла, Германия, Сирия, Тәжікстан, Өзбекстан, Шри-Ланка.

Айта кетейік, Ресейге кіру кезінде шетелдік азаматтардан шекарадан өткенге дейін кемінде 72 сағат бұрын тапсырылған ПТР тестінің теріс нәтижесі бар анықтама талап етіледі. Сондай-ақ Ресей бұған дейін қазақстандықтарға РФ азаматтығы бар туыстарына құрлық арқылы келуге рұқсат берген болатын.