Бурабайдағы туризм: сұраныс бар, енді сапа қашан артады?

Еліміздегі ерекше оазис – Бурабай өлкесі.

Мұндағы туристердің саны жыл санап артып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24». Әсіресе қазақстандықтардың қарасы қалың. Бірақ баяғы жартас сол жартас. Сыннан сабақ алғандар аз. Инфрақұрылым, сервис әлі де ақсап тұр.

Бурабайдың саф ауасы мен тұнық табиғаты туристерді тартады-ақ. Мұндағы көрініс жанға азық қана емес, бойға қуат, санаға серпіліс сыйлайды. Осынау сезімді сезіну үшін Алматыдан арнайы келген Ғалия Файзуллинаның өкпе-назы бар. Төрт жұлдызды қонақ үйлердің біріне тұрақтаған ол хауызға түсемін деп қолын сындырып алған.

Ғалия Файзуллина, турист:

– Мен тұрып жатқан қонақ үйде қарапайым дәрі-дәрмек қобдишасы болмай шықты. Сенесіз бе? Бір де бір адам алғашқы көмек көрсете алған жоқ. Бұл маңда фельдшер де жоқ екен. Щучинсктен жедел жәрдем шақырып ек, мені «өздерің алып келіңдер» депті. Ол жақта жақсы көмектесті. Дегенмен демалыс орнында медициналық көмек көрсететін орынның жоқтығы ашуыма тиді. Біреулер ұшынып қалса, жәндіктер шағып алса қалай болады? Түсінбеймін.

Шығыстан келген Серік Сержанұлы көрікті мекеннен көз ала алмайтынын айтады. Бірақ БАӘ, Түркия сынды мемлекеттерді аралап үлгерген оның салыстырар тұсы көп. Достарымен жүріп кездескен біраз жайтты жайып салды.

Серік Сержанұлы, турист:

– Халықты кінәлай алмаймыз. Қазір әжетхана алаңдары аз, қоқыс салатын шелектер бұл жерде жоқ. Әжетхана болмағаннан кейін адамдар еріксіз талдың арасына кетеді, көлдің жағасына кетеді дегендей. Тазалық алаңдарын, төсек орындарын қолға алса, ойын алаңдары көбірек ашылса, бұл жер тіптен жақсы болады. Сол жағынан кенжелеп тұрмыз.

Дана Мұхамедиева Бурабайда өткізген отбасылық демалысына разы. Табиғаттың өзі қаланың қым-қуыт тірлігінен шаршаған жанды жадыратып жібереді. Оны аялау әрқайсымыздың қолымызда дейді.

Дана Мұхамедиева, турист:

– Әр қонақ үйге жерді бөліп беретін болса, ертең оның тазалығын сақтайды, сервисті дамытады солай ғой? Жағажайлар біреудің иелігінде болмаса, көбінесе ол жерде қоқыстарды жинамайды. Өзінен кейін ол орындарды жинамайды. Жағажайды отельдің қожайынына беруді мен дұрыс көремін. Мәдениеттілігіміз ол жағына жетпейді.

Былтырға дейін Бурабайдағы туристердің 80 процентін ресейліктер құрайтын. Қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінен келеді. Тәжірибелі экскурсия жүргізушісі Зада Жаңалыққызы инфрақұрылымның да бұрынғыдан жақсарып қалғанын айтады.

Зада Жаңалыққызы, экскурсия жүргізушісі:

– Ковидтен кейін реабилитациялық топтар болды. Өйткені біздің ең басты емдік фактор – эфир майларына мол ауа. Ауырып болған адамның көбі күйзелісте болады. Өкпелері толық тазармаған. Әлі де ысылы болады. Мұнда келген адамдар 20 км жүріп, өкпесі толық тазарады.

Өлкеге жылына 1 млн-дай турист келетін. Енді олардың санын үш еселеу қажет. Бүгінде туристерді қатты қызықтыратын Абылай хан алаңы мен Ботай мәдениеті жаңғыртылды. Дегенмен Бурабайға бірнеше күнге келетін меймандардың назы бар.

Зада Жаңалыққызы, экскурсия жүргізуші:

– Аялдайтын, тоқтайтын жерлердің бағасы жоғары деп айтып жатады. Бірақ оны да түсінуге болады. Қонақ үйлер бір жыл бойы жұмыс істейтін емес, көбі 3-4 айдан кейін жабылады. Сондықтан 3-4 айдың ішінде барлық жыл бойы ұстайтын қаражатын шығару керек.

Бурабайда қонақ үйлер саны еселеп артып жатыр. Мейманханалар желісі де көбейген. Бағаның қымбаттығына қарамастан, бос орындар табылмай қалады екен кейде. Демек халықтың ішкі туризмді дамытуға ниеті бар. Ендігі міндет – сұранысқа қарай сапаны арттыру.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Аят Елшін