Былтыр Каспий жағалауына 45 мыңға тарта турист барса, биыл 60 мыңнан астам саяхатшы келеді деп күтілуде, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Бұған әлемдік пандемия жағдайында отандастарымыздың шетелге шықпауы себеп», – дейді туризмді дамыту басқармасындағылар. Жағажайдағы демалыс орындары санитарлық талаптарды сақтай отыра өз қызметін жасап жатыр. Жуық арада барлығы да Ashyq жобасы аясында QR-кодпен жұмыс істеуге көшуі тиіс. Демалушылар таңдауына қарай тәулігіне 10-15 мың теңге төлеп, хостел немесе жалдамалы пәтерлерге де тоқтайды. Қалтасы көтерсе, теңіз жағасында былтыр ашылған бес жұлдызды қонақүйге түседі.
Гүлсім Жариева, облыстық инвестициялар және туризмді дамыту басқармасының бөлім басшысы:
– Теңіздің жағалауында орналасқан үлкен туристік кешенде баға саясаты 31 мың 800-ден басталады. Қазіргі таңда карантиндік шектеулер бәсеңдеді. Қонақ үйлерге келе беруге болады. Ақтау қаласының «жылы жағажай» аумағында көптеген нысандар салынып жатыр. 2021-2024 жылдар аралығында 12 жобаны іске қосу жоспарланған.